Ақтауда «Жастардың бойындағы отансүйгіштік, мемлекеттік сананы нығайтудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті

АҚТАУ. Қазанның 15-і. Қазақпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Ақтау қаласындағы «Арман» облыстық жастар орталығында  «Жастардың бойындағы отансүйгіштік, мемлекеттік сананы нығайтудағы үкіметтік емес ұйымдардың рөлі» тақырыбында дөңгелек үстел мәжілісі өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 Бүгінгі күннің өзекті  мәселелеріне арнап дөңгелек үстелді ұйымдастырған  «Санат» ой- танымдық жастар клубы.

 Мұндағы мақсат - жастар ұйымдарының азаматтық қоғамды қалыптастырудағы рөлі, мемлекеттік құрылымдармен әріптестігінің мәселелері мен перспективалары және жастардың әлемдік бәсекеге қабілетті ел азаматы болып қалыптасуына үлес қосуына жастар ұйымдарының әсері жөнінде пікір талқылау.

 Мәжіліске МО білім беру басқармасы,  Ішкі саясат басқармасы, «Жас Отан» жастар қанатының МО филиалы,  Әділет департаментінің басшылары және облыстағы үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.

   Дөңгелек үстел отырысында  бүгінгі таңдағы жастарымыздың дүниетанымы мен өмірлік мұрат мақсаттары қандай деген ой талқыға салынды. 

 «Қоғам дамып алға басқан сайын әлемдік мәдени үрдістердің жастар санасына кері ықпалын тигізетіні де, соның салдарынан ел жастарының өз мәдениетін жете білмейті, атадан балаға мирас болып келе жатқан салт -дәстүр мен тілін ұмыта бастағаны бүгінгі күннің шындығына айналып отыр», дейді «Нұр Отан» ХДП Маңғыстау облыстық филиалының консультанты Бисенғали Кенжалиев.

 Мұндай шараларды жиі өткізіп тұру қоғамға кері әсерін тигізетін идеологиялық ақпарат тасқынында жастарымыз елге адал қызмет ететін, халқының жанашыр өрендерінің қатарынан табылуы үшін оларға дұрыс бағдар беруді көздейді, дейді дөңгелек үстел қонақтары.