Ақтауда жеткіншек жартастан құлап кетті

Фото: Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда жеткіншек 3-4 метр биіктіктегі жартас соқпағынан құлап кетті.

Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің хабарлауынша, оқиға 4 А шағын аудандағы теңіз жағалауында орналасқан қонақ үйдің қасында болған.

«Шақырту күндіз сағат 11-31 де түсті. 2012 жылы туған жасөспірім «Каспиан Ривера» қонақ үйінің артындағы жартастан құлаған. Біз полиция қызметкерлерімен бірге зардап шеккен жеткіншекті зембілмен көтеріп, жедел жәрдем көлігіне жеткіздік», - дейді құтқарушылар.

Дәрігерлердің айтуынша, баланың жағдайы тұрақты. Қазір травматология бөлімінде ем алып жатыр. 

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

«Жедел жәрдем бригадасы оқиға орнына тез жетіп, жеткіншекті Маңғыстау облыстық балалар ауруханасына жеткізді. Мидың компьютерлік томографиясын жасадық. Жасөспірімге мидың жабық жарақаты, мидың шайқалуы диагнозы қойылды. Науқас бақылауда», - дейді Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз хатшысы.