Ақтауда жылу беру маусымы 7 қазаннан басталады
АҚТАУ. KAZINFORM — Жылу алдымен әлеуметтік нысандарға беріле бастайды.
«Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің бас инженері Серік Жалғасбайдың айтуынша, жылу беру маусымының бірінші кезеңі аясында қаланың жоғарғы және төменгі аймақтарындағы әлеуметтік нысандар мен заңды тұлғалардың жылыту жүйелері қосылады.
Ал тұрғын үйлерді жылумен қамтамасыз ету қала әкімінің қаулысына сәйкес, 10 қазанға бекітілді. Бұған дейін, 19-22 қыркүйек аралығында қала аумағында құбырларға гидравликалық сынақ жүргізілді. Сынақ кезінде шағын аудан ішілік құбырлардан 60 ақау анықталып, жедел қалпына келтірілген.
Маңғыстау облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасының мәліметінше, 2025–2026 жылдардағы жылыту маусымына дайындыққа барлығы — 33,5 млрд теңге бөлінген. (Оның 20,1 млрд теңгесі жергілікті бюджеттен, Үкімет резервінен — 3,6 млрд теңге, ірі кәсіпорындардың (МАЭК, МРЭК) меншікті қаражатынан — 9,8 млрд теңге.)
— Инженерлік желілерді жөндеу жұмыстары бойынша облыс көлемінде биылғы жылы жалпы ұзындығы — 29,2 шақырым жылу желілеріне күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Электр желілері бойынша — 527,5 шақырым, газбен қамту бойынша — 558 нысан, сумен жабдықтау бойынша — 62,7 шақырым, кәріз (су бұру) жүйесі бойынша — 37,6 шақырым, — делінген хабарламада.
Бұған дейін, Түрік актері Бурак Озчивиттің Ақтауда жанкүйерлерімен кездесуі дүрбелең туғызғаны туралы жазған болатынбыз.