Ақтауда жылу мәселесі әлі де өзекті болып отыр

АҚТАУ. KAZINFORM — Ақтаудың бірқатар ықшамауданындағы тұрғындар кейбір үйлерде жылу жоқтығына шағымданып жатыр. Бұл туралы олар Маңғыстау облысы әкімдігінің Telegram чатында жазған.

Фото: Pexels

Арнайы топтағы тұрғындардың жазуынша 27,29,30,33 сынды бірқатар шағынаудандағы көпқабатты кей үйлерде жылуға қатысты мәселе туындаған. Кей үйлер күні бойы жылусыз отырса, екіншілері қысымның аздығына шағымданып жатыр.

«Каспий жылу, су арнасы» МКК мәліметінше, қаладағы жылу желілеріне жүргізілген гидравликалық сынақтар кезінде 39 ақау анықталған. Жылу тасығыш толтырылып, жүйе айналым режиміне қосылғаннан кейін тағы 172 ақау тіркелген. Кәсіпорын аталған ақаулардың барлығы жойылғанын хабарлады.

Сонымен қатар қаладағы иесіз және теңгерімге берілмеген жылу желілерінде де кемшіліктер белгілі болған.

— Аталған желілер «Каспий жылу, су арнасы» МКК теңгерімінде жоқ және кәсіпорынның белгіленген пайдалану жауапкершілігі аймағына кірмейді. Соған қарамастан, кепілдік міндеттемелері аясында және тұрғындарды жылумен тұрақты қамтамасыз ету мақсатында бұл учаскелерде де жөндеу-қалпына келтіру және реттеу жұмысы жүргізілуде, — деп хабарлады «Каспий жылу, су арнасы» мекемесінің баспасөз қызметі.

Аталған жұмыс қаланың жылу желілеріндегі гидравликалық режимге әсер ететіндіктен, жылумен жабдықтау жүйесін қосымша реттеу қажеттілігі туындап отыр.

— Тұрғындарды жылумен қамтамасыз ету шаралары аясында әртүрлі мекенжайларда орналасқан блокты-модульдік қазандықтарды (БМК) іске қосылды, -деп толықтырды «Каспий жылу, су арнасы» МКК.

Кәсіпорын көпқабатты үйлердің тұрғындарынан түскен шағымдар негізінде ТҮКШ бөлімі және тұрғын үй инспекциясымен бірлесіп, үйлердің жылыту жүйелерін тексермек. Нәтижесінде жылудың біркелкі таралуын қамтамасыз ету және жылумен жабдықтау сапасын жақсарту үшін ішкі жылу тораптары мен жылыту жүйелеріне қажетті реттеу жұмысы жүргізіледі.

Ал қала әкімдігі бұған дейін № 20 және № 23 мектепте де жылумен жабдықтауға қатысты мәселе болғанын хабарлады. Қазіргі уақытта екі білім беру мекемесіне жылу қалыпты режимде берілген.

Үкімет отырысында Премьер-министр Олжас Бектенов жылудың сапасына наразы немесе жылусыз қалған тұрғындар тарапынан шағымдар Ақтау, Павлодар мен Петропавлдан түсіп жатқанын айтқан еді. Осыған орай Премьер-министр өңір әкімдеріне жылу беру маусымына жауапты өңірлік штабтардың жұмысын күшейтіп, халықтың арыз-шағымдарына жедел әрекет етуді тапсырды.