Анасының айтуынша, ұлының жоғалып кеткені туралы хабарламаны әлеуметтік желілерге таратқаннан кейін бірнеше адам хабарласқан. Солардың бірі ұлын сауда үйінен көргенін айтқан.
«Естіген бойда Жаңаөзенге жолға шықтым. Менімен хабарласқан ер адаммен жолықтым. Ол менің ұлымды әлеуметтік желідегі хабарламадан көріп, танып қалған. Мен қалаға келгенде ұлым Эльдарды полиция учаскесіне алып кеткен екен. Сондықтан сол жаққа бардым. Баламды іздеуге атсалысқан барлық азаматтарға аналық алғысымды айтам. Не үшін кеткенін сұраймын»,-дейді Гүлнар Трапбекова.
Еске салайық, 20 қараша күні 2004 жылы туылған Эльдар Сеит жоғалып кеткен болатын. Ол үйінен көшеге ойнауға шығып кетіп, қайтып оралмаған. Сол кезде анасы ұлының суретін әлеуметтік желіге жүктеп, «үстінде қара түсті спорттық футболка мен көк түсті шалбар киген баламды көрген-білгендеріңіз болса, хабарласуыңызды сұраймыз» деп хабарландыру берген болатын.