Ақтауда «Жыл адамы-2009» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті

None
АҚТАУ. Желтоқсанның 28-і. ҚазАқпарат /Анаргүл Төлегенова/ - Бүгін Ақтауда «Жыл адамы-2009» байқауының жеңімпаздарын марапаттау салтанаты өтті,

деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

 «Жыл адамы» байқауы Маңғыстау облысында 2006 жылдан бері өтіп келеді.

Мұндағы мақсат өңірдің экономикалық, әлеуметтік, рухани дамуына үлесін қосып елдің тыныс тіршілігіне көмегін тигізіп отырған азаматтардың еңбегін бағалап, арнайы марапаттар арқылы мерейін өсіріп, қанаттандыру.

Осы дәстүр биыл да жалғасын тауып, бүгін «Нұр Плаза» қонақ үйінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев дәстүрлі байқау жеңімпаздарын  марапаттады.

«Жыл мұғалімі», «Жыл ғалымы», «Жыл дәрігері», «Жылдың үздік үкіметтік емес ұйымы», «Жыл медбикесі», «Жыл тәрбиешісі», «Жыл журналисі», «Жыл спортшысы», «Жыл полицейі», т.б аталымдар бойынша 15 -ке жуық жеңімпаздарға арнайы сыйлықтар табысталды.

«Маңғыстау обылысы макроэкономикалық көрсеткіш бойынша еліміз бойынша алдыңғы орында. Қол жеткізген жетістіктер, экономикалық әлеуметтік жаңғыру жолындағы зор табыстар - мұның барлығы іскер жандардың, ел экономикасына көмегін тигізіп отырған азаматтардың еңбегі. Елден сырт шыққанда «Еліңде кім бар» деп сұрайтындар бар, оларға сіздер секілді жандармен мақтанамын»,  деді облыс әкімі Қырымбек Көшербаев.

Мәселен «Жыл фермері» атанған Әбішев Смағұл есімді азамат Мұнайлы ауданындағы «Кішкенеқұм» шаруа қожалығының директоры.

2005 жылы Баянды селосындағы Кішкенеқұм жайылымынан «Кішкенеқұм»  шаруа қожалығын ашқан. Жеке шаруашылығындағы 1000 га жайылым жерінде 350 бас қой, ешкі малын өсірумен бастайды. Ақтөбе облысындағы «Байғанин»  асыл тұқымды кеңшарынан «Еділбай» тұқымды қошқарларын әкеліп, будандастырып, қазіргі таңда қой малын 1500 басқа жеткізген. Онан басқа, Оңтүстік Қазақстандағы Мақтарал ауданынан «Аққара бас» асыл тұқымды сиырларын әкеліп, ақзірде 80 басқа жетіп отыр. Түркменстан Республикасынан «Аруана» асыл тұқымды түйелерін әкеліп өсіріп, қазірде оны 50 басқа жеткізді. Жылқыдан «Адай» тұқымын 40 басқа көбейткен. Биылғы жылдың өзінде 9,0 тонна шұбат өнімін нарық бағасынан төмен бағамен облыс халқына ұсынды. 10,5 тонна сиыр сүтінен ірімшік, сүзбе, қаймақ өнімдерін шығарып халыққа жеткізуде.

Осындай ауыз толтырып айтарлықтай шаруаларды ерен еңбегінің арқасында дөңгелетіп отырған облыстағы бірқатар кәсіпкерлік иелері де қошеметтен құр қалған жоқ.