Ақтауда зорланған 6 жасар қызды емдеуге Кембридж дәрігерлері тартылды

АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтауда зорланған 6 жасар қызды емдеуге Кембридж дәрігерлері тартылды. Бұл туралы бүгін «ҚазАқпарат» тілшісіне Астанадағы Ана мен бала орталығының баспасөз хатшысы Данияр Меңілбеков мәлім етті.

Айта кетейік, 27 тамызда алты жасар қыз Маңғыстау облыстық балалар ауруханасынан санавиациямен Астанаға жеткізілген болатын.

«Қазіргі уақытта оның жағдайы ауыр халде. Жансақтау бөлімінде жатыр. Телемедицина арқылы Кембридж дәрігерлерінен кеңес алдық, жергілікті дәрігерлермен бірге талқыланды. Зақым миға келген», - деп атап өтті ол.

Бұрын хабарлағанымыздай, Ақтау полицейлері 6 жасар қызды зорлауға қатысты күдіктіні ұстады. Күдікті Ақтау қаласының тұрғыны, 1984 жылы туған, бұрын сотталмаған. Күдікті өзінің айыбын мойындады.

Еске салсақ, 20 тамызда «Иваныч» дүкенінің маңында алты жасар қыз жоғалып кетті. Бірнеше сағаттан кейін полицейлер баланы өндірістік аймақ ауданынан тапты. Қыз бала облыстық балалар ауруханасына жатқызылды, оған ыстық өткен және денесінде көптеген жарақат бар. Дәрігерлер зорлау фактісін қуаттады, ҚР ҚК 120-бабымен қылмыстық іс қозғалды.