Ақтаудағы ұшақ апаты: әзербайжандық БАҚ қазақстандықтарға алғыс айтып жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Таңертең Ақтау маңында Әзербайжанның ұшағы апатқа ұшырады. Ұшақ бортында 69 адам болған. Олардың арасында қазақстандықтар да бар.
Әзербайжандық Minval.az ақпараттық порталы бүгінгі әуе апатына қатысты ақпаратты жедел таратып жатыр. Таралып жатқан ақпараттың көбінде Қазақстанның ресми органдары мен БАҚ-қа сілтеме жасалған.
— Қазақстандық құтқару қызметі мен дәрігерлердің жоғары кәсібилігіне ерекше назар аудару қажет. Барлық жұмыс жедел жүргізіліп жатыр. Қазақстандықтар жаппай қан тапсырып жатыр. Олардың күш-жігері үшін алғыс айтамыз. Рақмет, Қазақстан, — делінген желідегі хабарламада.
Сондай-ақ AZAL әуе компаниясы Қазақстанның апаттан құтқару қызметі барлық қажетті көмекті жедел көрсетіп жатқанын хабарлады.
Айта кетейік, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиевке көңіл айтты.
Президент ұшақ апатынан зардап шеккен азаматтарға көмек көрсетуді ерекше бақылауда ұстауды тапсырды.
Одан бөлек, ҚР Президентінің тапсырмасымен әуе апатына байланысты мемлекеттік комиссия құрылды.