Ақтаудағы ұшақ апаты: Ильхам Әлиев Ресейге бармайтын болды
АСТАНА. KAZINFORM – Әзербайжан президенті Ильхам Әлиев Ресей Федерациясының президенті Владимир Путинге телефон соқты, деп хабарлайды Kazinform Trend-ке сілтеме жасап.
Президент Ильхам Әлиев телефон арқылы сөйлесу барысында AZAL жолаушылар ұшағының Ақтауда апатқа ұшырауына байланысты Санкт-Петербургте өтетін ТМД-ға мүше мемлекеттер басшыларының бейресми саммитіне қатыса алмайтынын айтты.
Еске сала кетсек, Баку- Грозный J2-8243 нөмірлі рейсін орындаған Embraer 190 ұшағы Ақтау қаласынан 3 шақырым жерде апатты жағдайда қонды.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.
Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Ақтауда Баку-Грозный рейсінде болған ұшақ апатынан зардап шеккендер туралы ақпаратты жаңартты.