Ақтаудағы ұшақ апаты: төрт адамның денесі табылды
АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысының Денсаулық сақтау басқармасы Ақтау маңындағы ұшақ апатынан зардап шеккендерге қатысты соңғы мәліметпен бөлісті.
Ақпаратта айтылғандай, оқиға орнында қаза тапқан 4 адамның денесі табылды.
Басқарма басшысы Б. Ізбасаров хабарлағандай, 25.12.2024. сағат 10:58-де шұғылдықтың 1-санатына шақыру келіп түсті (ұшақтың бортында балон жарылды). Оқиға орнына 22 жедел жәрдем және 6 апаттар медицинасы орталығының бригадасы жіберілді.
Облыстық көп бейінді аурухана 30 хирургиялық және травматологиялық және 10 реанимациялық төсек-жай дайындады. Сонымен қатар облыстық балалар ауруханасы 20 төсек-жай және 10 реанимациялық төсек дайындалды.
Одан бөлек, қосымша жеке клиникалардан, атап айтқанда «Софимед» ЖШС хирургиялық және травматологиялық 10 және 2 реанимациялық төсек, «Нейрон» ЖШС хирургиялық және травматологиялық 10 төсек және 4 реанимациялық төсек, «Ясин-Атамекен» ЖШС соматикалық бейіндегі 10 төсек дайындады. Барлығы 60 хирургиялық, травматологиялық және соматикалық бейіндегі төсек және 26 реанимациялық төсек бар.
Қазір ауруханаға 26 зардап шегуші жеткізілді, пациенттерді қабылдау бойынша сұрыптау жүргізіліп жатыр. Жеткізілген 24 адамның ішінде 7 адам ауыр жағдайда реанимацияға жатқызылады. Балалар ауруханасына 11 және 16 жастағы 2 бала келіп түсті.
Айта кетейік, Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.