Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Әзербайжан Республикасынан арнайы делегация келді
АСТАНА. KAZINFORM – 25 желтоқсан күні Ақтау маңында болған ұшақ апатына байланысты Маңғыстау облысына Әзербайжан Республикасынан арнайы құрылған комиссия келді. Бұл туралы облыс әкімдігі мәлім етті.
Делегацияны Әзербайжанның Төтенше жағдайлар министрі бастап келді.
Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәудет Қилыбай мен Әзербайжан үкіметінің өкілдері құтқару операциясы аясында жасалатын тиісті шараларды пысықтады. Облыс әкімі Нұрдәулет Қилыбай зардап шеккен азаматтарға қажетті көмектердің көрсетіліп жатқанын айтты.
Айта кетейік, Ақтауда Azerbaijan Airlines ұшағы апатқа ұшырады.
Оқиға орнына ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі жеке құрамының 52 адамы мен 11 бірлік техникасы барды.
Апатқа ұшыраған ұшақ бортында Қазақстанның 6 азаматы болды.
ҚР Көлік министрлігі мәлім еткендей, Әзербайжан тарапының алдын ала ақпараты бойынша, бортта 62 жолаушы мен 5 экипаж мүшесі болған.
ҚР Президентінің тапсырмасымен Мемлекеттік комиссия құрылды.