Ақтаудағы зертханаға заңсыз сертификаттар бергені үшін 2,3 млн теңге айыппұл салынды

Фото: Фото: Рүстем Айтхожин/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Маңғыстау облысы Ақтау қаласының әкімшілік құқық бұзушылықтар жөніндегі мамандандырылған соты «Ұлттық сараптау және сертификаттау орталығы» АҚ Маңғыстау филиалына 2 359 200 теңге көлемінде айыппұл салды.

Онымен қоса, «Физика-Химиялық-09» өлшеу бойынша аккредиттеу аттестаты 6 ай мерзімге тоқтатылды.

Жоспардан тыс тексерудің нәтижесінде салыстырып тексеру зертханасы аккредиттеу аймағынан тыс күкірт диоксидін (SO2) өлшеу сертификаттарын бергені анықталды.

— Бұл жағдай анықталған заң бұзуды жою және болашақта олардың қайталануын болдырмау үшін қажетті шаралар қабылдауды талап етеді, — деді СИМ Комитеті төрағасының орынбасары Бауыржан Қасымов.

Қоланыстағы заңнамаға сәйкес, зертхана ел заңнамасын және оларға өздерінің сәйкестігі аккредиттелген нормативтік құжаттардың талаптарын сақтауға міндетті. Сонымен қатар, зертхана аккредиттеу саласы шегінде жұмыстарды жүзеге асыруға міндетті.

Аталған факті бойынша Техникалық реттеу және метрология комитетінің Маңғыстау облысы бойынша департаментімен әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қозғалып, анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқама берілді.

Бүгінгі таңда айыппұлдың үштен бір бөлігі төленді, материалдар аттестаттың қолданылуын тоқтата тұру жөнінде шаралар қабылдау үшін аккредиттеу жөніндегі ұлттық органға жіберілді, заңсыз берілген сертификаттардың күші жойылды.

Айта кетелік Ақтау әкімдігі инженерлік желілердің үстіне көп қабатты тұрғын үй салуға рұқсат беріп жібергені туралы жазған едік.