Ақтауды неге жағымсыз иіс жайлады
АҚТАУ. KAZINFORM – 1 маусым күні кешке қарай Ақтау тұрғындары қаладағы жағымсыз иіске шағымдана бастаған. Шаһар жұртшылығының шағымынан кейін экологтар жағымсыз иістің қайдан шыққанын анықтап, халыққа түсініктеме берді.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің хабарлауынша, шағымдар түскеннен кейін мамандар Ақтау, Басқұдық ауылы мен өндірістік аумақтарда атмосфералық ауаны өлшеген.
«Департамент мамандары Ақтау қаласы, Басқұдық елдімекені мен өндірістік аумақтардың атмосфералық ауасына өлшем жұмыстарын жүргізді. Жүргізілген мониторинг барысында Басқұдық елдімекенінде орналасқан «Мұхамбет» медицина орталығының жанында орналасқан қоқыстар контейнерлерінің өртену фактісін анықтады. Өртену аумағының атмосфералық ауасына жүргізілген өлшем жұмыстары қортындысы бойынша күкірт суттегі көрсеткіші шекті рауалы концентрациясынан 0, 062 мг/м3 (ШРК-0,008) тыс асуы анықталды», — делінген хабарламада.
Экологтар өрт туралы Төтенше жағдайлар департаментіне хабарлап, өрт сөндірушілер өртті сөндірді.