Ақтаудың тең жартысы жарықсыз отыр

АҚТАУ. KAZINFORM – Қала тұрғындары электр энергиясының жиі өшуіне жаппай шағымданып жатыр. Айтуларынша, жарық бірде бар, бірде жоқ. Әсіресе, соңғы екі-үш күнде аптап ыстықта қатты қиналып отырғандарын айтуда.

Фото: Аягөз Ізбасарова/Kazinform

Қала көшелерінде де бағдаршамдар жұмыс істемей тұр. Бірнеше жолдың қиылысында көлік қозғалысын полиция қызметкерлері реттеуде.

Ал, Ақтау электр желілері басқармасы баспасөз қызметінің хабарлауынша, жарықтың өшуіне - аптап ыстық себеп. Салдарынан электр желілерге жүктеме артып, апатты жағдайлар болған.

- 7, 9, 11, 12, 13, 14, 27, 28, 29, 29а, 30 шағын аудандарда ішінара жарық өшті. Бригада жұмыс істеп жатыр, - делінген хабарламада.

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, 7, 9, 14 шағын аудандарда электр жарығы қосылған. 

Бұған дейін, Ақтау қаласының жылу желілерін реконструкциялауға Үкімет резервінен 3,6 млрд теңге бөлінгені турады жазған болатынбыз.