Бұл туралы Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бексұлтан Шалабаев мәлім етті.
Жоба облыс әкімі Ералы Тоғжановтың бастамасымен қолға алынады. Қаражат жергілікті бюджеттен бөлінбек.
Алдымен, Ақтау-Жаңаөзен бағытындағы тасжолдың қалаға кірер бөлігі кеңейтіледі. Бұл 17 бекет пен ХГМЗ аралығы және зауыттан 1 шағынауданға дейін аралықты қамтиды. Қазіргі кезге дейін 23, 24, 28 а шағынаудан бұрылысына дейін құрылыс басталған. Оған бюджеттен 1 млрд. 708 млнтеңге бөлінген.
Ал, Ақтау - Ақшұқыр бағыты тас жолын кеңейту үшін жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, өзгерістер енгізілуде.
Жалпы, өткен жылы облыс әкімінің тапсырмасымен 7 жолдың құрылысы басталған. Оның ең маңыздысы- хаб жолы. Ол 16-17 шағынаудан, Мұнайшыдан бастап 19 а шағынауданға дейін аралықты қамтиды.
Ақтау қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі басшысының орынбасары Бексұлтан Шалабаевтың айтуынша, хаб жолы - ең маңызды болып саналғаннан кейін, биыл бітіру көзделіп отыр.
«Содан кейін №9 жол деп айтамыз. 22 шағынаудан қасы. Мердігер кестесіне сай, құрылыс жұмыстары 7 айға созылмақ. 33, 34, 34а шағынаудан бойы, 31б, 32б шағынауданды аралығын қамтитын №26 жол бар. Сонымен бірге, 32б-35 шағынаудан аралығын жалға жатқан №24 жолдың құрылысы жүруде»,-дейді Бексұлтан Шалабаев.
Сондай-ақ, биыл 12 шағынаудан "Мұнайшы" спорт кешенінен бастап, 19 шағынауданға дейінгі жол ашылмақ. Сонымен қатар, жаңа шағынаудандардың орталық жолын салу үшін конкурс жүріп жатыр. Оған 74 млн теңге бөлінген.