Ақтауға министр Шыңғыс Әрінов барды

Фото: Фото: ҚР ТЖМ

АҚТАУ. KAZINFORM – Ұшақ апаты болған Ақтауға Қазақстан Республикасының ТЖ министрі Шыңғыс Әрінов барды. Бұл туралы ҚР ТЖМ баспасөз қызметі мәлім етті. 

— Авариялық-құтқару жұмыстарына 482 адам, 97 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 4 кинологиялық есептоп жұмылдырылды. ТЖМ кинологиялық қызметінің қатысуымен іздеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бейнеконференцбайланыс режимінде Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан ТЖМ ақпарат алмасып отыр, — делінген хабарламада.

Azerbaijan Airlines авиакомпаниясының ресми деректері бойынша бортта 5 экипаж мүшесін қоса алғанда 67 адам болған. Жолаушылардың арасында: 6 Қазақстан азаматы, 42 Әзірбайжан азаматы, 3 Қырғызстан азаматы, 16 Ресей азаматы, 1 адамның азаматтығы анықталуда. Экипаж мүшелерінің барлығы Әзірбайжан азаматтары.

Фото: ҚР ТЖМ

Оқиға салдарынан 29 адам, оның ішінде 3 бала ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 15 Әзірбайжан азаматы, 9 Ресей азаматы, 2 Қырғызстан азаматы, 3 адамның азаматтығы анықталып жатыр. 

Фото: ҚР ТЖМ

Жедел желі телефондарына 571 өтініш түсті.

Оқиға орнында 432 адам, 79 бірлік техника, 2 әуе кемесі және 10 кинологиялық есептоп жұмылдырылды.

Түпқараған ауданы әкімдігінің өкімімен жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай режимі жарияланды.

ТЖМ кинологиялық қызметі іздеу жұмыстарын жүргізуде.

Қазақстан, Ресей және Әзірбайжан ТЖМ бейнеконференцбайланыс режимінде ақпарат алмасып отыр. 

Еске сала кетейік, бұған дейін оқиға орнына Премьер-Министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев бастаған Үкіметтік комиссия жеткенін хабарлаған болатынбыз. 

Ақтаудағы ұшақ апатына байланысты Әзербайжан Республикасынан арнайы делегация келді.