Ақтаулық ата-аналар мемлекеттік мектеп ашуды сұрайды
АҚТАУ. KAZINFORM – Қаладағы 16-шағын ауданда әлі күнге мемлекеттік мектеп жоқ. Оқушылар қазір жекеменшік лицейде тегін оқиды. Алайда кәсіпкер келесі оқу жылынан бастап ақылы болатынын хабарлаған.
Оқу ақысы бір балаға - 100 мың теңге. Сондықтан ата-аналар «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында салынып жатқан мектептің құрылысын жеделдетуді сұрап, облыстық әкімдіктің алдына жиналды.
- Ақылы оқытуға шамамыз келмейді. Бір үйде бірнеше бала бар ғой, әр қайсысына 100 мыңнан қалай төлейміз. Демек, мына мектеп ашылғанша, балаларды басқа шағын аудандардағы мектептерге тасымалдауға тура келеді, - дейді қала тұрғыны Ырзагүл Сақтағанова.
Ата-аналар баланы тасымалдап оқытудың қиындықтарын айтады. Шағын аудан ішінде мемлекеттік білім беру ұйымы ашылса, алаңсыз жұмысқа кетер едік, - дейді олар.
Ақтау қалалық білім бөлімінің басшысы Ғани Құрманғалиевтің айтуынша, осы мәселе бойынша алда жиын өтеді.
- Жекеменшік мектеп осы оқу жылында тегін оқумен қамтамасыз етті. Енді ақылы оқытамыз деп отыр. Жалпы 16-шағын ауданда 1500 орындық мектеп салынып жатыр. Оның құрылысы облыс әкімдігінің бақылауында. 28-мамыр күні тұрғындар, мектеп басшылығы барлығымыз жиналып, мәселені шешеміз, - дейді Ғани Құрманғалиев.
Айта кетейік, 16-шағын ауданда бой көтерген мектептің құрылысы былтыр шілде айында басталған. Шенеуніктер оны биыл қазанда іске қосуды көздеп отыр. Оның құрылысына «Жайлы мектеп» Ұлттық жобасы аясында бюджеттен 8 миллиард 83 миллион теңгеге жуық қаражат бөлінген.
Бұған дейін, Маңғыстауда жағажайды бүлдіріп, жазу жазып кеткен тұрғынға айыппұл салынғаны туралы жазған болатынбыз