Ақтаулық блогер сот шешімімен Instagram-дағы видеосын өшіруге міндеттелді

АСТАНА. KAZINFORM — Ақтау тұрғыны Instagram парақшасында жариялаған видеосы үшін сот алдында жауап берді. Сот блогерге даулы видеоны өшіруді және жәбірленушілерге моральдық өтемақы төлеуді міндеттеді. Бұл туралы ҚР Жоғарғы соты хабарлады.

Фото: Pexels

Іс материалдарына сәйкес, блогер қылмыстық іс бойынша жүргізілген тергеу әрекеттерінің бір сәтін видеоға түсіріп, оны әлеуметтік желідегі парақшасында жариялаған. Жазбада осы іске қатысы бар қала тұрғындары көрсетілген.

Алайда азаматтар өздерінің бейнесін жариялауға келісім бермегенін айтып, сотқа шағымданған. Олар видеоны өшіруді және моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап еткен.

Ақтау қалалық № 2 соты істі қарап, жауапкердің өзін қоғам қайраткері немесе штаттан тыс журналист ретінде таныстыруға қатысты уәждерін қабылдамаған. Сот шешімінде жарияланған материал азаматтың келісімінсіз пайдалануға болатын жағдайларға жатпайтыны көрсетілген.

Сондай-ақ сот бейнежазбаға жазылған пікірлер мен оның көпшілікке таралуы талап қоюшыларға моральдық зиян келтіргенін анықтаған.

Сот блогерді Instagram парақшасындағы видеоны өшіруге және екі азаматтың әрқайсысына 200 мың теңгеден, жалпы 400 мың теңге көлемінде моральдық өтемақы төлеуге міндеттеді.

Сот шешімі заңды күшіне енді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыда әкесінен зорлық көргенін айтқан блогер қыз 10 тәулікке қамалғанын жазғанбыз.