Үкімет отырысынан кейінгі баспасөз конференциясында ол оқиғаның қалай өрбігенін толықтай түсіндірді. Министрдің айтуынша, науқас балаға аппендицит диагнозы қойылып, ауруханада тиісті ота жасалған. Алайда әке-шешесі ары қарай ем қабылдаудан бас тартып, қолхат жазып, перзентін алып кеткен. Үйде жағдайы нашарлаған соң, баланы ауруханаға қайта әкелген. Бір күн жатқызып, қолхат жазып, оны екінші рет тағы алып кеткен. Ұлының халі асқынған соң, ауруханаға үшінші рет жеткізген.
— Екі жақтан да кінәсі дәлелденген кінәлілер заң аясында жауапкершілікке тартылады. Ата-ананың жауапкершілігі де, менің ойымша, назардан тыс қалмауы керек. Аталған баланы ата-анасы кем дегенде екі рет қолхат жазып қалдырып, ауруханадан алып кеткен. Ауруханаға жалпы үш рет алып келген. Ең бастысы, баланың жағдайын ойлау керек. Қылмыстық іс қозғалды. Екі жақтың да жауапкершілігі толыққанды тергеледі. Мен ата-анаға да, дәрігерге де араша түспеймін. Бәрі заң аясында қаралады, — деді министр.
Оның сөзінше, медициналық қызметкерге қол көтергені үшін ата-ананы жауапкершілікке тартатын нормалар бар. Дәрігер немқұрайлы қарағаны дәлелденсе, оған да заң аясында бірқатар шара қарастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін дәрігерге шабуыл жасау фактісіне байланысты денсаулық сақтау басқармасы оқиғаның мән-жайын жариялаған еді.