Ақтаулық дәрігерлер жаңа туған сәбиден 18 сантиметр ісік алды

Фото: Маңғыстау облыстық ана мен бала орталығының баспасөз қызметі

АҚТАУ. KAZINFORM – Маңғыстау облыстық ана мен бала орталығында өте сирек кездесетін «тератома» диагнозымен нәресте дүниеге келді. Оның құйымшағында көлемі 18 сантиметрлік ісік болған.

Бұл жергілікті дәрігерлердің тәжірибесінде бұрын-соңды болмаған оқиға болды. Дегенмен, мамандар жаңа туған шақалаққа ота жасап, ісікті алып тастады. 

- Қазіргі таңда баланың жағдайы жақсы. Өміріне қауіп жоқ. Анасы екеуі үйіне шығарылды. Бұл жас босанған ананың бесінші жүктілігі. Оған жүктіліктің 20-аптасында нәрестенің құйымшағында ісік бары айтылған. Бастапқыда ота арқылы босандыруды жоспарлаған. Бірақ, әйел жүктіліктің 38 аптасында толғатып, табиғи жолмен босанды, - дейді балалар хирургі Айбек Ғұбайдуллаев. 

Мамандардың айтуынша, «тератома» ұрықтың даму кезінде пайда болатын, өте сирек кездесетін ісік. 

Бұған дейін, Алматылық дәрігерлер жаңа туған сәбиден салмағы 1 кг болатын ісікті алып тастаған болатын.