Санат Есмағанбет - Маңғыстау облысы Жетібай ауылының тумасы. Ол арбадағы тенниспен 2023 жылдың тамыз айында айналыса бастаған. Бұл спорт түрі туралы Ақтөбедегі оңалту орталығында бірге жатқан жігіттен естіген. Кейін сол жігіт Ақтауда арбадағы теннис секциясы ашылып жатқанын айтып, жаттықтырушының байланыс нөмірін берген.
- Ақтауға келген бойда теннис орталығына барып, жаттығуды бастап кеттім. Алғашында Жетібайдан аптасына үш рет қатынап жүрдім. Отбасым, туыстарым, достарым түгел қолдады. Нағашы апаларым, қарындасым, інім көмектесті. Достарым жаттығуға апарып, алып келетін. Тіпті кейбір такси жүргізушілері де тегін тасымалдап жүрді. Осындай қолдаудың арқасында спортқа тұрақты қатыса бастадым, - дейді Санат.
2024 жылдың қаңтарында ол Ақтауға біржола көшіп келген. Алғашқы 9-10 айда пәтер жалдап тұрған. Қалаға қоныс аударғаннан кейін жарыстарға қатысып, кәсіби спорттағы жолын бастады.
Спортшының алғашқы жүлдесі көп күттірмеді. 2024 жылдың сәуірінде Қарағандыда өткен Қазақстан кубогінде Назар есімді әріптесімен жұптық сында үшінші орын иеленді. Ал биылғы Қазақстан чемпионатында микс санатында топ жарып, алтын медаль жеңіп алды. Бұл санатта ер және әйел спортшылар жұптасып өнер көрсетеді.
- Ең есте қалған жеңістерімнің бірі - биылғы Қазақстан чемпионатындағы бірінші орын. Қарағандыдан келген спортшы қызбен жұптасып, микс санатында жеңімпаз атандық. Алғашқы жарысымдағы жүлде де мен үшін ерекше. Себебі спортқа енді келген кезім еді, көп нәрсені үйрену керек болды, - дейді ол.
Санаттың айтуынша, арбадағы теннис сырт көзге оңай көрінгенімен, үлкен дайындық пен төзімділікті қажет етеді. Әсіресе алғашқы кезде арбамен доптың соңынан қуып, оны қарсы бағытқа қайтару қиын болған. Уақыт өте келе жаттығу арқылы қажетті дағдыларды меңгерген.
- Теннис – күрделі спорт. Бірден үйреніп кету мүмкін емес. Арбамен қозғалып, доптың соңынан жету, оны дәл қайтару оңайға соқпады. Бірақ тұрақты жаттығудың арқасында көп нәрсені меңгердім. Ең бастысы, тұрақтылықты үйрендім. Қазір жаттығуға күн сайын жауапкершілікпен қараймын. Әлі де жоғары нәтижеге жетіп, халықаралық деңгейде ел намысын қорғағым келеді, - дейді спортшы.
Оның бір күндік жаттығу кестесі де тығыз. Таңғы сағат 8:30-да үйінен шығып, 9:00-ден 11:00-ге дейін жаттығу залында болады. Мұнда салмақ көтеріп, арнайы резеңке таспалармен жұмыс істейді. Бел, арқа және қол бұлшықеттерін нығайтуға көңіл бөледі. Түстен кейін, сағат 13:00-ден 15:00-ге дейін теннис орталығында жаттығады. Жылдамдық пен төзімділікті арттырып, доп беру әдістерін қайталайды. Жаттығу соңында жекелей немесе жұптық матч өткізеді.
- Кейде жаттығудан ойлағанымды орындай алмай, көңілсіз шығамын. Кейде керісінше, жоспарлаған әдісімді сәтті орындап, қуанып қайтамын. Әр күннің өз нәтижесі бар. Ең бастысы - тоқтап қалмау, - дейді ол.
Санат тек арбадағы тенниспен шектелмейді. Пара жеңіл атлетикамен де айналысады. Ядро итеру, найза және диск лақтыру сайыстарына қатысады. Оның айтуынша, мойын омыртқасына жасалған операциядан кейін қолының, саусақтарының күшіне әсер еткен. Сондықтан қол бұлшықеттерін нығайту үшін жеңіл атлетиканы да қатар алып жүруді жөн көрген.
Санат бүгінде спорттың екі түрінен де ел чемпионаттары мен халықаралық жарыстарға қатысып жүр. Нәтижелері де жаман емес. 2024 жылы пара жеңіл атлетикадан Қазақстан чемпионатында ядро итеру және найза лақтырудан екінші орын алса, 2025 жылғы ел спартакиадасында осы екі сайыстан тағы да күміс жүлдегер атанды. Ал 2026 жылғы Қазақстан чемпионатында диск және найза лақтырудан бірінші орын иеленді.
Арбадағы теннистен де жетістіктері бар. 2025 жылы Қазақстан чемпионатында «Quad» санатында екінші орын алды. Биылғы ел чемпионатында микс санатында алтын медаль жеңіп алды. Сондай-ақ Ақтауда өткен UNIQLO Wheelchair Tennis Tour сериясындағы ITF «WC50 Aktau KPMG» халықаралық турнирінде жекелей сында екінші орын иеленді.
Спортшының алдағы мақсаты да ауқымды. Ол халықаралық жарыстарға жиі қатысып, рейтингін көтеруді көздейді. Алдағы үш-төрт жылда Азияның үздік бес спортшысының қатарына еніп, Паралимпиадаға жолдама алуды армандайды.
- Халықаралық жарыстарға қатысу бізге өте қажет. Шетелдік спортшылармен ойнап, тәжірибе жинаймыз, өз деңгейімізді бағамдаймыз. Алдағы уақытта Ақтауда да халықаралық турнирлер өтеді. Сол жарыстарға қатысып, шеберлігімізді шыңдағымыз келеді. Егер халықаралық ареналарда жақсы нәтиже көрсетсек, рейтингіміз де көтеріледі. Қазақстанда арбадағы тенниске деген қызығушылық артып, кәсіпкерлер мен демеушілер тарапынан қолдау көбейеді деп үміттенемін, - дейді ол.
Қазір спортшыға Маңғыстау облысының кәсіпкерлері де қолдау көрсетіп жатыр. Олардың бастамасымен Ұлыбританиядан Санатқа арнайы спорттық арба жеткізілмек. Бұл бастамаға Ақтаулық Аймұрат Таңатов ұйытқы болған. Санат өзіне қолдау көрсеткен азаматтарға алғысын білдірді.
Спортшының сөзінше, арнайы спорттық арба теннис алаңында еркін қозғалып, жылдамдық пен маневрді жақсартуға мүмкіндік береді. Сондықтан жаңа құрал оның жаттығуы мен жарыстағы нәтижесіне оң әсер етеді деп күтеді.
Сұхбат соңында Санат спортқа қызығатын жастарға да кеңес берді. Оның айтуынша, әр адам өзіне жақын спорт түрін таңдап, белсенді өмір салтын ұстануы керек.
- Қандай да бір спорт түріне қызықсаңыз, тұрғылықты жеріңізде бар секцияға барып көріңіз. Үйде отырып қалмаңыз, төрт қабырғаға қамалмаңыз. Шектеу адамның ойында ғана. Әрекет етіп, еңбектенсеңіз, нәтиже болады. Қоғамға белсенді араласып, өз ісіңіздің шебері болуға ұмтылыңыз. Меніңше, жеңіс дегеніміз - тек медаль алу емес. Күн сайын сүйікті ісіңмен айналысып, сол жолда бар күшіңді салу, кейде жеңіліп, қайта тұрып, алға ұмтылу. Әр адам өз мүмкіндігін әртүрлі жолмен ашады. Біреу спорт арқылы, енді бірі өнер немесе жазу арқылы. Ең бастысы - өзіңе сеніп, таңдаған жолыңнан таймау. Сол жолда күн сайын еңбек ету де жеңіс, - деп түйіндеді Санат Есмағанбет.
Бұған дейін, Маңғыстаулық жас зерттеуші Мағжан Жұмабайдың ұмыт қалған еңбегін қайта жарыққа шығарды.