Ақтаулық зейнеткер алаяқтардың құрбаны болып, банкті сотқа берді
АҚТАУ. KAZINFORM — Зейнеткердің айтуынша, алаяқтар оның атына несие рәсімдеп алған. Ал банк оның төлем қабілетін тексерместен, ірі көлемде несие беріп жіберген. Әйел 178 880 теңге зейнетақы алса, ай сайынғы төлем 173 330 теңге. Зейнеткер бұл несиені заңсыз деп тануды сұрап, сотқа шағымданған.
Оқиға былтыр сәуірде басталған. Белгісіз адамдар әйелге қоңырау шалып, өздерін құқық қорғау органдарының қызметкерлері ретінде таныстырады. Олар зейнеткерді «несиелік алаяқтардан» қаржысын қорғау қажет деп бірнеше сағат бойы үгіттеп, сендіреді. Содан соң, несие алуға тыйым салу үшін, телефонына қосымша орнатқан. Сол кезде алаяқтар әйелдің атына онлайн режимде 4,9 миллион теңге жуық несие рәсімдеген. Оған қоса, депозиттік шотынан 2 миллион 758 мың теңгені шешіп алған. Зейнеткер банк қосымшасында атына несие рәсімделгенін кейін анықтайды.
Зардап шеккен әйелдің айтуынша, банк оның қаржылық мүмкіндігін дұрыс тексермей, ішкі ережелер мен Қаржы нарығын реттеу агенттігінің талаптарын бұзып, несие берген. Сондай-ақ ол видеоверификациядан өткенін растады, бірақ дәл сол сәтте несие рәсімделіп жатқанын түсінбеген. Өйткені, ол алаяқтардың психологиялық қысымында болған.
— № 170 қаулыға сәйкес, банк борыштық жүктеме коэффициентін есептеп, барлық табыс көзі мен шығынды ескеруі тиіс. Менің жағдайымда табысым артық көрсетілген, шығын ескерілмеген, ал несиенің өзі нақты бағалаусыз мақұлданған, — дейді зейнеткер.
Ол банкке, Тұтынушылар құқығын қорғау агенттігіне және прокуратураға арызданған. Алайда олар сотқа шағымдануға кеңес берген. Бірінші инстанциядағы сот зейнеткердің талабын қанағаттандырудан бас тартып, несие рәсімдеу мәмілесін жарамды деп таныған.
— Сонда мен ішпей-жемей, өмір сүрмей, тек несие төлеп отыруым керек пе? Алаяқтардың мені алдағаны бірінші мәселе. Ал банктің маған бұл несиенің ауыртпалығын біле тұра бергені екінші мәселе. Сондықтан заңның орындалуын талап етемін, — дейді зейнеткер.
Зардап шеккен әйел енді апелляциялық сотқа шағым әзірлеп жатыр.
Бұған дейін, Онлайн-алаяқтық: тұрғындар пәтерлері мен көліктерінен айырыл жатқаны туралы жазған болатынбыз.
Алаяқтықтың жаңа түріне байланысты ІІМ қазақстандықтарға үндеу жасады.