Ақтаулық жас наубайшы шұбат пен балқаймақтан ерекше бәліш дайындайды

АҚТАУ. KAZINFORM – Ақтауда адам ағзасына пайдалы, табиғи өнімдерден дайындалатын нан түрлерін пісіретін жас наубайшы Жарболсын Жүсіп бүгінде қала тұрғындарына ерекше дәм ұсынады.

Фото: Жарболсын Жүсіптің жеке архивінен

Жас маман шұбат пен балқаймақ қосылған тәтті бәліш әзірлеп, жергілікті өнімдерді дәріптеуге үлес қосып келеді.

Жарболсын Жүсіптің айтуынша, ол бұл салаға бала күнінен қызыққан. Ағасының кофеханасында көмектесіп жүріп, тағам дайындауға деген қызығушылығы артып, кейін осы бағытта білім алған. Алдымен Маңғыстау туризм колледжінде тағам технологы мамандығын меңгеріп, кейін Астана қаласында наубайшы мамандығы бойынша оқуын жалғастырған. Жиырма жастағы наубайшының тағам саласында жүргеніне алты жыл, ал нан өнімдерін дайындаумен айналысып келе жатқанына екі жарым жыл болған.

Қазіргі таңда ол Ақтаудағы кофеханалардың бірінде бас наубайшы қызметін атқарады. Жас маман күн сайын таңсәріден бастап түнге дейін ас бөлмесінде жұмыс істеп, келушілерге ыстық нан мен тәтті тоқаштар ұсынады. Оның жетекшілігімен бес наубайшы күндізгі және түнгі ауысымда еңбек етеді.

Фото: Жарболсын Жүсіптің жеке архивінен

Жарболсын тек табиғи өнімдерді пайдаланады. Ол пісіретін нан өнімдеріне құрғақ, химиялық ашытқы қоспайды. Нандар арнайы табиғи ашытқымен иленеді. Алма суынан жасалған ашытқыны Астанадан әкелген. Айтуынша, аталған ашытқы Франциядан жеткізіліп, тоғыз жыл бойы сақталып келе жатқан ерекше өнім.

- Нандар кемінде екі күн дайындалады. Соның арқасында ұзақ уақыт бойы жұмсақтығын, ылғалдылығын сақтайды. Құрамына ірімшік, қарақұмық секілді дәруменге бай дәндер қосамыз. Мұндай нан өнімдері қант диабетімен ауыратын, диета ұстайтын және салауатты өмір салтын ұстанатын адамдарға пайдалы. Ерекше балалардың ата-аналары да біздің өнімдерді жиі сатып алады, - дейді ол.

Жас наубайшы дайындайтын өнімдердің бірі - Маңғыстаудағы ұлттық тағамдар шұбат пен балқаймақ қосылған тәтті бәліш. Оның сөзінше, бұл өнімді әзірлеуге бірнеше саланың мамандары қатысқан.

- Бұрын өңіріміздің ерекшелігін танытатын, қонақтарға ұсынуға болатын арнайы тәтті жоқтың қасы еді. Сондықтан құрамына міндетті түрде шұбат пен балқаймақ қосылатын өнім дайындауды жөн көрдік. Бұл – командалық жұмыс. Этнограф, дизайнер, тағам технологтары бірігіп еңбек етті. Бәліш француздың брюш қамырынан жасалады. Қамыр табиғи ашытқымен иленіп, 16 сағат бойы көтеріледі. Кейін оған шұбат қосылады. Кремін де арнайы технология арқылы қоюлатылған таза ауыл шұбатынан дайындаймыз. Пеште піскеннің өзінде шұбаттың дәмі сақталып қалады, - дейді бас наубайшы.

Оның айтуынша, тәттінің тағы бір негізгі ингредиенті - табиғи балқаймақ. Бұл өнім карамельдің орнын басып қана қоймай, бәлішке ерекше дәм береді. Соңында тәтті бетіне әртүрлі жаңғақтар себіледі.

Қазіргі таңда бұл бәліш Ақтау тұрғындарының сүйікті тәттілерінің біріне айналған. Сұраныс жоғары болғандықтан, күніне 100-150 данаға дейін дайындалады. Таңғы сағат сегізде ыстық күйінде сөреге қойылуы үшін наубайшылар түнгі сағат 00:00-ден бастап жұмысқа кіріседі.

Жарболсын Жүсіптің айтуынша, бұл өнім арқылы өңірдің мәдениеті мен ұлттық дәмін танытып, туризм саласына да үлес қосу көзделген.

- Біз тек тәтті дайындап қана қоймай, Маңғыстаудың брендіне айналатын өнім шығарғымыз келді. Шетелдік немесе өзге өңірден келген қонақтар осы тәтті арқылы жергілікті дәммен танысса дейміз, - дейді ол.

Жарболсынның бала күнгі арманы – Мемлекет басшысына арнайы тәтті әзірлеу. Алдағы уақытта ол жергілікті табиғи өнімдерді пайдалана отырып, жаңа дәм түрлерін шығаруды жоспарлайды.

Бұған дейін, Ақтауда әуе шекарасын қорғап жүрген жас әскери ұшқыш туралы жазған болатынбыз.