Ақтаулықтар жағымсыз иіске шағымданды
АҚТАУ. KAZINFORM – Тұрғындардың айтуынша, қалада бірнеше күннен бері шағымсыз иіс сезіледі. Ал бүгін, 16-шілдеде таңертеңгі мезгілде иіс өткір болған.
— Иісі өте нашар болды, шіріген жұмыртқаның иісі сияқты. Терезені ашып отыру мүмкін емес, — дейді тұрғындардың бірі.
Маңғыстау облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиевтің айтуынша, мамандар тұрғындардың бүгінгі шағымы негізінде қала аумағында атмосфералық ауаға мониторинг жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Облыстың бас экологы тұрғындардың жағымсыз иіске былтырдан бері шағымданатынын айтады. Сол бойынша 2024 жылдың 16-19 шілдесі аралығында Қошқар ата, «КазАзот» компаниясы, КОС-2 және 38-шағын аудандарда атмосфералық ауаға мониторинг жұмыстары жүргізілген. Нәтижесінде, Қошқар ата шлам сақтау қоймасында бірнеше нүктеде күкіртсутек және көміртегі оксидінің мөлшері жоғарылағаны анықталған.
— Яғни, тазартылмаған ағынды сулар Қошқар ата шлам сақтау қоймасына жіберіліп, шіріп, осы аумақтың тұзды топырағының салдарынан сіңбей, қаладан әрі қарай, Ақтау мен Мұнайлы ауданына таралады. Департамент тарапынан жергілікті атқарушы органдарға ұсыныстар берілді. Маңғыстау облысының әкіміне «Қошқар-ата» қалдық қоймасының сұйық фазасындағы жағымсыз иіс бойынша № 02-26/836 хат жолданды. Әкімдікке КОС-2 тазарту қондырғысын 100% тазарту деңгейіне дейін жаңғыртуды, сондай-ақ, Қошқар ата су қоймасына тек тазартылған суды шығаруды қамтамасыз ету ұсынылды. Алайда, мәселе бүгінгі күнге дейін жалғасуда, себебі аталған мәселенің шешімі табылмады, — дейді экология департаментінің басшысы.
Департамент мамандары тұрғындардың иіске шағымдары негізінде биыл да бірнеше рет мониторинг жүргізген. Қазгидрометтің «AirKZ» қосымшасында күкіртсутектің асып кетуі анықталған. Бірақ, аспаптық өлшеулер жүргізген кезде, иіс болған кезде шекті рауалды концентрациядан асуы тіркелмеген. Желдің бағытын ескере отырып, иістің ықтимал көзі Қошқар ата көлі және КОС-2 нысандары болып табылған.
- Бұған дейін 2025 жылдың 9-14 шілдесі аралығында жағымсыз иіске шағым негізінде қала аумағында атмосфералық ауада 71 көрсеткіштен сынама алынып, мониторинг жұмыстары жүргізілді. 11-шілдедегі мониторинг жұмыстарының нәтижесінде 35 шағынауданда көміртегі дисульфидінен шекті рауалды концентрациядан асу байқалды. Алайда, ластаушы көзі анықталмады, — дейді, облыстық экология департаментінің басшысы Армат Жүсіпқалиев.
Бұған дейін, Ақтау қаласында жарықтың жиі өшуінің себебін жазған болатынбыз.