Қасым мен Жомарт – үйдің үлкені, 2009 жылы дүниеге келген. Қасым 3,2 келі салмақпен бірінші туған. Жомарт санаулы секундтарға кішірек, оның салмағы 2,8 келі болыпты. Арттарынан ерген Іңкәр мен Кәусар есімді қарындастары бар. Егіздердің есімін нағыз атқамінер азаматтар болсын деген ырыммен әжесі қойыпты.
«Сол жылдары Қасым-Жомарт Тоқаев ел болашағы үшін маңызды лауазымдарда қызмет атқарды. Бірнеше тілді біледі, дипломат, білікті саясаткер, мемлекетшіл азамат. Туған айлары да бір. Тұңғыш немерелерім 22 мамырда дүниеге келгенде бірден «Қасым-Жомарттай болсын» деп тіледім. «Жақсы сөз – жарым ырыс» деген, бүгінде қос құлыншағым Мемлекет басшысына ұқсап өсіп келеді», - дейді Зүлфия Жолдасова.
Егіздер кішкентайынан зеректігімен көзге түскен. Қазір Ақтаудағы №11 мамандандырылған физика-математикалық лицейінің 8-сыныбында оқиды. Қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде еркін сөйлейді. Екеуі де математиканы жақсы көреді, есеп-қисапқа жүйрік. Сөзге де шешен болғылары келеді. Ол үшін көркем әдебиетті, тарихты қызыға оқып, жаңалықтардан әрдайым хабардар болып жүреді. Спорттан да құр алақан емес, бокспен айналысады. Армандары да бір – болашақта дипломат болу және Президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесу.
Балаларының үнемі ізденісте жүретінін, білімге құштарлығын әкесі олардың өз есімдерінің жауапкершілігін сезінетіндігінде деп есептейді.
«Балалар әрдайым ізденісте жүреді. Түрлі білім жарыстарына, олимпиадаларға қатысып, жүлделі орындарды иеленіп жүр. Мінездері де өте байсалды, коммуникативті, бойларында дипломаттың қасиеттері бар. Қасым-Жомарт Тоқаевты үлгі тұтады, ол теледидардан сөйлегенде әр сөзіне мән беріп тыңдауға тырысады. Көп тіл білу мақсатында қосымша үйірмелерге қатысып, ағылшын тілін жетік меңгеріп жүр. Алдағы уақытта француз, қытай тілдерін үйренгілері келеді», - дейді Ерлан Мәуленов.
Оқи отырыңыз, елімізде Қазақстан есімді 32 адам тұрады. Сондай-ақ, 86 Теңге, 26 Астана, 67 Елбасы бар. Бір адамның аты Тәуелсіздік болса, тағы 1 тұрғынның есімі – Атазаң және 1 қыздың аты – Ару-Астана. Ал, биылғы ораза айында дүниеге келген ұлдарға Рамазан (1 085), қыздарға Медина (430) есімі ең көп қойылған.
Фото: mangystaumedia.kz