АСТАНА. ҚазАқпарат - Ақтаулық «Каспий» командасына бас бапкер қызметіне Солтүстік Македония елінің маманы Игор Ангеловски тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі клубтың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Игор Ангеловски Солтүстік Македония құрамасын 2020 жылғы Еуропа чемпионаты финалдық сатысына алып шықты.
Ол 1976 жылы 2 маусымда дүниеге келген. Футболшылық мансабында 1996-2009 жылда өз елінің, Словения мен Сербияның командаларында доп тепті.
2013 жылдан бері Солтүстік Македония клубтары мен ұлттық құрамасына жетекшілік жасады.
2022 жылы словениялық «Горица» командасының тізгінін ұстады.
Айта кетсек, биыл ақтаулық клуб қатарынан бес ойында жеңіліс тауып, содан кейін грузиялық маман Кахабер Цхададзе қызметінен кетті.
Ал алтыншы турда «Каспий» көкшетаулық «Оқжетпестен» басым түсіп, алғаш рет жеңіске жетті.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.