АҚТАУ. ҚазАқпарат - Маңғыстаулық полицейлер Ақтауға апарар жолда бекіре тұқымдас балығын заңсыз тасымалдап келе жатқан көлікті ұстады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Маңғыстау облысы Полиция департаментінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, полицейлер Ақтау қаласының маңындағы автожолда Toyota Camry маркалы автокөлігін тоқтатқан.
«Тексеру барысында жалпы салмағы 90 келіден асатын 26 дана балық тәркіленді. Бұл ретте 29 жастағы жүргізуші қандай да бір рұқсат құжаттарын көрсете алмады. Аталған факті бойынша ҚР ҚК 339-бабының 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Қазір күдікті ешқайда кетпеу туралы қолхатпен жүр», - делінген баспасөз хабарламасында.