Активтер есебінен қайтарылған зергерлік бұйымдар қайта сатылымға қойылады

Фото: E-Qazyna

АСТАНА. KAZINFORM – Қайтарылған активтер есебінен алынған зергерлік бұйымдар қайта сатылымға қойылады. 

«Қайтарылған активтерді басқару компаниясы» ЖШС 2025 жылғы 24 шілдеде сағат 12:00-де E-Qazyna веб-платформасында бағаны көтеру арқылы қайталама электрондық аукцион өтетінін хабарлайды.

Сатылымға 56 зергерлік бұйым қойылады.

– Аукционға қатысу үшін E-Qazyna платформасында тіркеліп, кепілдік жарнаны төлеп, белгіленген мерзімде өтінім беру қажет. Сауда онлайн форматта өтеді, яғни кез келген жерден қатысу мүмкіндігі бар. Компания ашықтық пен айқындық қағидаттарын ұстана отырып, активтердің құны туралы толық ақпаратпен қамтиды, - делінген хабарламада. 

Фото: E-Qazyna

Сатылымға шығарылатын лоттарға келсек, бастапқыда 55 млн теңгеге сатылған Van Cleef & Arpels алқасы бар. Бұл жолы алқа 38,5 млн теңгеге өтуі мүмкін. Әшекей бұйым ақ алтыннан жасалған және жалпы салмағы 16,92 карат болатын гауһартаспен безендірілген.

Сондай-ақ DE BEERS сырғасының бағасы төмендепті, яғни 158 млн теңгеден 110 млн теңгеге түскен. Ақ алтыннан жасалған сырғаның жалпы салмағы 6,06 карат болатын гауһартаспен көмкерілген.

Фото: E-Qazyna

Одан бөлек, бағасы 214 млн теңгеге бағаланған Ulysse Nardin Classic 789-80 маркалы сағаты әлі сатылған жоқ. Аталған лот бойынша аукцион 31 шілдеде өтеді, бастапқы баға – 150 млн теңге.

Еске салайық, сатылымға қатысты қосымша ақпарат алып, аукционға қатысу үшін E-Qazyna платформасында жарияланған шарттармен танысу мүмкіндігі бар. 

Айта кетейік, қайтарылған активтер компаниясы Алматы облысы мен Алматы қаласында бес жер учаскесін сатылымға қойып отыр. 

Сондай-ақ елімізде қайтарылған активтер қаражаты есебінен 400-ден астам әлеуметтік нысан салынып жатыр.