Активтерді елге қайтару: Журналистік зерттеу олигархтарды тексеруге негіз болады

Фото: Фото: Kazinform

Заңсыз алынған мүлікті мемлекетке қайтаруға міндетті субъектілердің тізіміне енгендердің аты-жөні жарияланбайды. Бұл сот шешімі шыққаннан кейін мүмкін болады. Бірақ қандай мүлікті өз еркімен қайтарғаны туралы ақпарат беріледі. Осы орайда активтерді қайтару тәртібі жайында Әділет вице-министрі Алма Мұқанова егжей-тегжейлі түсіндіріп берді, деп хабарлайды Kazinform.

Ол Қазақстанда заңсыз алынған активтерді қайтару жөніндегі комиссия құрылғанын еске салды. Жақында ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен аталған комиссияның бірінші отырысы да өтті. 

Комиссия Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес және «Заңсыз активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңды орындау мақсатында құрылған. Оның құрамына Үкімет мүшелері, құқық қорғау органдарының басшылары, Парламент депутаттары мен қоғам қайраткерлері кірді. Комиссияның негізгі міндеттерінің бірі – жүйелі шараларды жүзеге асыру, заңсыз шығарылған капиталды елге қайтарудың әдістері мен тетіктерін әзірлеу. Бұл ретте барлық шешімдер еліміздің әлеуметтік, экономикалық және саяси мүдделерін ескере отырып, алқалы түрде, ашық және бейтарап қабылданады. 

Комиссияның уәкілетті органы – заңға сәйкес жұмысын бастаған ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару комитеті. 

Заң күшіне сәйкес активтерді өз еркімен қайтаратын адамдарға нақты кепілдіктер беріледі. Өз еркімен қайтару шарттары, сондай-ақ тізілімді қалыптастыруды қоса алғанда, мәжбүрлі түрде қайтару жөніндегі іс-қимылдар және басқа да қадамдар Комиссияның қарауына жатады.

Еске салсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің 5 қазандағы Жарлығымен ҚР Бас прокуратурасының Активтерді қайтару жөніндегі комитеті құрылды. 

Жаңа ведомство - «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» Заңына сәйкес активтерді қайтару жөніндегі уәкілетті орган. Комитеттің міндеттері активтерді іздеу және қайтару, осы саладағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастықты дамыту, сондай-ақ экономикалық ресурстардың заңсыз шоғырлануына және активтерді заңсыз шығаруға ықпал еткен себептер мен жағдайларды анықтау және жою болып айқындалды.

Атап айтқанда, қойылған міндеттерді орындау, оның ішінде мүліктің заңдылығын анықтау үшін комитет активтер мен олардың иелері туралы барлық қажетті ақпаратты сұратуға және алуға, сондай-ақ ғалымдарды, сарапшыларды, мамандарды тартуға құқылы. Комитеттің функцияларына активтер туралы ақпаратты мониторингілеу және талдау, активтердің заңдылығын тексеру, комиссияның шешімі бойынша арнайы тізілімге енгізілген адамдардан активтерді ашып көрсету туралы декларацияларды қабылдау және қарау кіреді.

Ведомство, сондай-ақ шет мемлекеттерге заңсыз шығарылған активтерге тыйым салу, қамтамасыз ету шараларын қабылдау және тәркілеу туралы сұрау салулар жіберуге, заңсыз иемденілген активтерді мемлекет кірісіне айналдыру туралы қазақстандық әрі шетелдік соттарға талап-арыз беруге, сотқа дейінгі тергеп-тексерулерге бастамашылық жасауға және дербес жүргізуге, сондай-ақ активтерді ерікті түрде қайтару туралы келісімдер (бітімгершілік, процестік және өзге де келісімдер) жасасуға уәкілетті.

«Енді Бас прокуратура жанындағы комитеттің алдында тұрған басты міндет – тиісті реестрге енгізілуі тиіс субъектілердің тізімін анықтау. Бұл тізімге енген адам алып жатқан табыстарының заңдылығын растауы керек», - деп түсіндірді Алма Мұқанова.

Бұл тұрғыда әкімшілік және билік ресурстары бар және осы ресурстардың нәтижесінде тиісті активтері бар мемлекеттік лауазым иелері мен тұлғалар қамтылмақ. Аталған тізімде осы субъектілермен үлестес адамдар да ескеріледі. Бұл жерде үлестес адамдардың өте кең ауқымы қарастырылып отыр, яғни олардың туыстары, сондай-ақ мүліктің меншік иесі ретінде қандай да бір жолмен бекітілген атаулы топтар анықталады.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, қазір комитеттің басты жұмысы - осы тізімді құру. Тізім құрылып, ондағы адамдар туралы ақпарат жинақталғаннан кейін, құжаттар активтерді қайтару жөніндегі комиссияның қарауына ұсынылады. Өз кезегінде комиссия құжаттар мен дәлелдерді қарап, тиісті реестрге активтерді заңсыз шығарған күдікті адамдарды қосады.

«Алайда, бұл реестр жабық болады. Неліктен? Өйткені бізде кінәсіздік презумпциясы қағидаты бар. Тізімде қоғамға танымал тұлғалар, бизнесмендер қамтылуы мүмкін. Олардың аты-жөні осы тізімге енгені жарияланып кетсе, бұл жағдай бизнесіне, мәртебесінен залал келтіруі мүмкін. Бұл адамдардың бизнесі – ол актив. Сондықтан осы активтің құндылығын біз өзіміз жойып алуымыз ықтимал. Бұл ретте комиссияға берілген тізім жарияланбайды», - деді Әділет министрлігінің өкілі.

Активтері бойынша күдікке ілінген адамдар реестрге қосалғаннан кейін, оларға тиісті ескертпе жолданады. Өз кезегінде осы адамдар тиісті декларацияны тапсыруға міндетті болады. Заңсыз иемделген активтерді қайтару ерікті түрде немесе Республиканың, шет мемлекеттердің сот актілері немесе шет мемлекеттердің құзыретті органдарының шешімдері негізінде мәжбүрлі түрде жүзеге асырылады.

«Бұл стандартты декларация емес, онда әрбір активі жайында толыққанды ақпарат берілуі тиіс. Содан кейін комиссия алған деректер бойынша шешім жасайды. Егер заңсыз иемденген активтер анықталса, тізімдегі адамдардың әрекет етуінің тиісті жолы бар екенін хабарлайды. Біріншіден, оларда активтерді мемлекетке өз еркімен қайтарып беру мүмкіндігі болады. Екіншіден, бұл адамдар активтерді қайтарғысы келмесе немесе жасырса, тиісті органдар сотқа жүгінеді», - деді вице-министр. 

Заңсыз активтер туралы ақпаратты әр адам жолдай алады 

Әділет вице-министрі Алма Мұқанова Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетіне әр Қазақстан азаматы көмектесе алатынын мәлім етті.

«Егер Қазақстан азаматында немесе қандай да бір ұйымда заңсыз шығарылған активтер туралы нақты дәлелдер мен құжаттар болса, олар осы деректерді Бас прокуратураның Активтерді қайтару комитетіне жолдай алады. Мемлекетке активтерді қайтаруға көмектесу бағытында осындай мүмкіндік бар. Осы орайда күдікке ілінген адамдар тиісті тізімге қосылады. Сонымен қатар түрлі журналистік зерттеулер аясында нақты дәлелдер анықталса, осы мәліметтерді де комитетке жіберген жөн», - деді вице-министр.

Бұл тұрғыда ол комитет ұсынылған ақпараттың барлығын тексеретінін айтты.

А. Мұқанова заңсыз шығарылған активтерді қайтару мәселесімен айналысу үшін жақында құрылған комитет пен комиссия жұмысының нәтижесі туралы айту әлі ертерек екенін айтты. Нақты деректер, көрсеткіштер барлық процедуралар аяқталғаннан кейін белгілі болады. 

Елімізге 800 млрд теңгеден астам қайтарылды 

ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің сотқа дейінгі тергеп-тексеру қызметінің басшысы Қанат Cүлейменов былтырдан бастап қазірге дейін 857 млрд теңге қайтарғанын мәлімдеді. Бұл сомада шетелден қайтарылған қаражат пен жылжымайтын мүлік те қамтылып отыр. Жалпы, қайтарылған қаржы еліміздегі әлеуметтік саладағы мәселелерді шешуге жұмсалады.

Сонымен қатар ол жыл соңына дейін қанша актив қайтарылуы мүмкін екенін айтты.

«Биылғы жылдың аяғына дейін тағы 180 млрд теңге қайтару жоспарланған. Бұл қаражат сомасына шетелдегі ақша мен жылжымайтын мүлік, қымбат көліктер кіріп отыр. Қазір бұл істер тергеліп жатыр», - деді агенттік өкілі.

Жақында Қаржылық мониторинг агенттігінің төрағасы Жанат Элиманов жыл басынан бері мемлекетке жалпы сомасы 217 млрд теңге болатын активтер қайтарылғанын айтқан еді.