Активтерді қайтару «жеке меншікті қорғау» қағидасына қайшы келмей ме – Бас прокуратура жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстанда заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару тетігі Конституцияда бекітілген жеке меншік құқығын қорғау кепілдігіне қайшы келмейді. Себебі сот мүліктің заңды жолмен және заңды қаражатқа алынғанын бағалайды. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы Активтерді қайтару қызметінің басшысы Нұрдәулет Сүйіндіков «Bizdin orta» подкастында айтты.

Фото: ҚР Бас прокуратураның баспасөз қызметі

Оның айтуынша, активтерді қайтару туралы заңда «активтердің түсініксіз шығу тегі» деген ұғым қарастырылған. Мұндай тетік халықаралық тәжірибеде де қолданылады. Яғни адамның ресми табысы мен иелігіндегі активтерінің құны арасында елеулі айырмашылық болса, олардың қайдан және қандай қаражатқа алынғаны туралы мәселе туындайды.

– Мысалы, өмір бойы қарапайым жұмыс істеген адам төрт қабатты коттеджді қайдан алды деген сұрақ туындауы мүмкін. Көптеген елдерде азаматтар табысы мен мүлкіне қатысты есеп беруге дағдыланған. Сондықтан ресми кірісте көрсетілмеген, шығу тегі құжатпен расталмаған мүлік анықталса, «түсініксіз байлық» ұғымы қолданылады. Егер мемлекет сұрақ қойғанда адам мүлкінің қайдан келгенін және оны қандай қаражатқа алғанын дәлелдей алмаса, сот мүлікті тәркілеу туралы шешім шығаруы мүмкін. Сол тетік біздің 2023 жылы қабылданған заңның негізгі жаңалықтарының бірі саналады, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Активтерді қайтарудың мәжбүрлеу шараларының бірі ретінде Активтерді қайтару қызметі сотқа талап арыз бере алады.

Бұл жағдайда сотта жауапкер өз мүлкін заңды жолмен және заңды қаражатқа алғанын дәлелдеуге тиіс. Егер ұсынылған дәлелдер жеткіліксіз деп танылса, сот мүлікті мемлекет кірісіне айналдыру туралы шешім қабылдауы мүмкін.

Сонымен қатар активтерді қайтару шаралары адал кәсіпкерлер мен адал несие берушілердің құқықтарына қолданылмайды. Керісінше, заң олардың құқықтарын қорғауға бағытталған.

Нұрдәулет Сүйіндіков активтерді қайтару рәсімі адамның қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілігін анықтауға бағытталмағанын атап өтті.

– «Кінәсіздік презумпциясы» қайда қалды деп сұрайтындар табылады. Бұл әбден зерттелген тақырып және адамды құқықтық жауапқа тарту мәселесіне қатысты ұғым. Ал біз адамға емес, мүлікке талап қоямыз. Жеке адамның құқықбұзушылық жасаған-жасамағанын анықтамаймыз. Сондықтан «кінәсіздік презумпциясы» бұл жерде жұмыс істемейді, – деді ол.

Подкастта Конституцияда бекітілген жеке меншік құқығын қорғау кепілдігі мен активтерді қайтару туралы заңның арақатынасы да түсіндірілді. Спикердің айтуынша, мемлекет заңды жолмен алынған мүлікке ғана құқықтық қорғау кепілдігін береді.

– Әлемдік құқықтану саласында мемлекет тек заңды жолмен алынған мүлікке кепілдік береді және оны қорғайды. Біреудің теледидарын ұрлап алсаңыз, мемлекет оған кепілдік бермейді ғой. Сондықтан мүлік заңды жолмен алынса, адал кәсіпкер болсаңыз, сізге ешқандай сұрақ қойылмайды, – деді Нұрдәулет Сүйіндіков.

Подкаст қонағының толық сұхбатын мына жерден оқуға болады.