«Ақтөбе - Алматы» қатынасындағы №34 жолаушылар пойызы жүретін жолдың «Бершүгір - Қайдауыл» учаскесінде 3-ші вагон жолаушысы Балжан Шерниязованың толғағы басталады және де пойыз басшысы Нұржан Тапаев толғақ қысқан келіншекке көмек көрсету үшін барлық қажетті шараларды қабылдайды. Жақын маңдағы станцияға жедел жәрдем шақыртып, ішкі дауыс зорайтқыш байланыс арқылы медициналық білімі бар жолаушылардан көмек сұрайды.
Пойызда медициналық білімі бар жолаушы табылмағандықтан, №9 вагон жолсерігі Ғалия Тұрсыматқызы жолаушыны өзі босандырып алады.
Шалқар станциясына келген бойда жолаушы Балжан Шерниязова жаңа туған сәбиімен медицина қызметкерлеріне табысталады.
Ғалия Тұрсыматқызы теміржол саласындағы өз еңбек жолын 2007 жылы багаж кассирінен бастады, одан кейін ол 2012 жылы «Экспресс» филиалында жолаушылар тасымалы пойызының жолсерік мамандығын таңдады, ал 2018 жылдың мамырынан «Жолаушылар тасымалы» АҚ «Батыс» өңірлік филиалында жолсерік болып жұмыс істейді.
Қазіргі кезде босанған келіншек пен сәбидің денсаулық жағдайы жақсы және көмек көрсеткендері үшін теміржол қызметкерлеріне алғыс айтты.