«Ақтөбе-Атырау» тасжолының құрылысы қашан аяқталады

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Жобаның Мақат-Доссор бағыты келер жылы аяқталады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі өңірлік коммуникациялар қызметіне сілтеме жасап.

Бүгінгі таңда Мақат-Доссор бөлігіндегі ұзындығы 17 км болатын уақытша айналма жолдың құрылысы аяқталды. Негізгі жолдың ескі төсемі толықтай алынып, 12 су өтетін құбыр мен 2 мал өтетін өткелдің құрылысы аяқталды.

Бүгінгі күні 139 бірлік арнайы техника жұмысқа тартылды, Оның 42-сі мердігер мекеменің өз техникасы және 97-і келісімшарт негізінде жалға алынған техникалар бар.

Аталған бағыт бойынша 15,4 шақырымдық жолдың 2 (екі) асфальт қабаты төселуде. Асфальттың соңғы 3-ші қабатын келесі жылы төсеп, 2019 жылдың маусымында мердігер мекеме жалпы жұмыстарды аяқтайды.

Қазіргі таңда жоба аясында 330 адам жұмыспен қамтылған, оның 142-і жергілікті тұрғындар. Қазақстанның басқа аумағынан келген мамандарға 150 орындық вахталық қалашық іске қосылып, жұмысшылар 3 мезгіл тамақтандырылады.

«Доссор мен Мақаттың ортасында жол салынып жатыр. Халыққа қолайлы болатын болды. Бұрынғы ескі жол жағдайы нашар еді, жаңа жол ауыл тұрғындарына жақсы көмек болады деп ойлаймын. Жолдың сапасы жақсы, 2-3 қабат асфальт төселуде»,-дейді Мақат ауданының тұрғыны Салауат Кушалиев.