Ақтөбе әуежайы тағы екі жаңа бағытты іске қосады

Фото:
АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат – Ақтөбеден Оралға және Ташкентке рейс ашылады. Сонымен бірге биыл Таиланд пен Дубай бағытына әуе кемесі қатынайды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы Ақтөбеден Орал мен Ташкентке ұшатын жаңа бағыттарды іске қосады.

Оралға рейсті отандық QazaqAir әуе компаниясы орындайды, ал Ташкентке Uzbekistan Airways бекітілді.

«Ақтөбеден Орал қаласына 1 қарашадан бастап сейсенбі және сенбі күндері ұшуға болады. Ал 1 қарашадан бастап, яғни, сейсенбіде тұрғындарымыз Өзбекстан астанасына баруға мүмкіндік алады. Қазір келіссөз жүріп жатыр. Ташкент - 2000 жылдан астам тарихы бар Өзбекстанның бас қаласы. Бұл - Орта Азиядағы ең үлкен және Ұлы Жібек жолында орналасқан ең көне орындардың бірі», - деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.

Айта кетейік, Ақтөбе әуежайы бүгінде 12 бағытта жолаушылар тасымалдайды. 5 әуекомпанияға қызмет көрсетеді.

Жыл соңына дейін бағыттар саны 14-ке дейін артады.

«2022 жылы Анталияға - аптасына 6, Мәскеуге - аптасына 4 рейс қатынады. Шілдеде Бакуге тұрақты рейстер іске қосылды. 19 қазаннан бастап Пхукет аралына, Таиландқа, 24 қазаннан бастап Дубайға, БАӘ-ге рейс ашылады», - деді «Әлия Молдағұлова халықаралық әуежайы» АҚ басқарма төрағасы Дастан Малиев.