Ақтөбе ауруханасындағы жарақатқа жәрдем беру бөлімі қалай жұмыс істеп жатыр?

Ақтөбе қаласында орналасқан көпсалалы ауруханадағы жарақатқа жәрдем беру бөлімінде көмек сұраған науқас көбейді. Кезекшілікке шыққан травматолог пен дәрігерлер тәулік бойы дамыл таппай жұмыс істеп жатыр. Kazinform тілшісі ауруханаға барып, қабылдау бөліміндегі жағдайды білді.

Фото: Алтынай Сағындықова

Ақтөбе облыстық көпсалалы аурухананың жарақатқа жәрдем беру бөлімінде кезекшілік жергілікті уақытпен сағат 8:30-да алмасады. Мұнда бір тәулікте бір травматолог дәрігер, екі медбике және екі санитар жұмыс істейді. Бөлімге кіре берісте жедел жәрдем көліктері науқастарды кезекпен жеткізіп жатты. Олардың ішінде Ақтөбе-Хромтау тасжолында жол-көлік апатына ұшыраған адамдар мен құлап жарақат алғандар, төбелес кезінде мертіккендер мен тұрмыстық зорлық- зомбылыққа тап болғандар да бар. Дәрігерлер алдымен жол-көлік апатында зардап шеккен адамдарды қабылдады. Аты-жөнін жазып алып, оқиғаның мән-жайын сұрады. Кейін бірден компьютерлік томография, рентгенге жіберіп жатты. Бұл қызмет те тәулік бойы еш демалыссыз жұмыс істейді.

- Соңғы бір апта ішінде облыстық көпсалалы ауруханасының травмпункітіне 650-ден астам адам келді. Соның 347-і мұзға тайып құлаған. 30 адам жол-көлік апаты кезінде зардап шекті. Көп жағдайда науқастар амбулаторлы емге жіберілді. Соның ішінде 650-ден астам адамның 65-і ауруханаға жатқызылды. Соңғы бір күннің ішінде 114 адамды қабылданып, соның 18-і ауруханаға қалдырылды. Қазіргі кезде қала бойынша көпсалалы ауруханада ғана шұғыл қызмет көрсететін жалғыз травматология бар. Сондықтан бәрі осы жерге жеткізіледі, - деді травматолог дәрігер Ғабит Ғұбай.

Оның айтуынша, өзі биыл ғана осы ауруханаға жұмысқа орналасып, науқастарға ем-дом жасап жүр. Алғаш рет Жаңа жылда кезекшілікке түсті.

- Қазір ұжымдық басқосулар көбейіп, жарақат алған адамдар да артып кетті. Мас кезде құлап, жарақат алады. Төбелес те бар. Мас күйінде отбасында болатын ұрыс-керіс соңы да осында әкеліп жатады. Негізі сағат 10:00-ден бастап, ертеңіне таңғы 5:00-ге дейін адам үзілмейді. Ал ұжымдық мерекелік кеш бейсенбіден басталып, демалыста көбейеді. Бір күнде 115 адам келсе, сағат 12:00-ден кейін қаралғандардың 25-і мас күйінде тайып құлаған, төбелестен жарақат алғандар, - деді травматолог.

Олардың арасында мас күйінде төбелес шығаратындар да кездеседі. Ал Ауруханада күзеті қарастырылмаған. Медицина қызметкерлері қауіп төнсе полициядан көмек сұрайды. Тағы бір қиындық туғызатыны - үй-күйсіз жүрген адамдар. Олар түн ортасында түседі.

- Көмек көрсетеміз. Ауруханаға жатқызатындай дерті болмаса үйіне жіберу керекпіз. Ал біз оларды қайда жіберерімізді білмейміз, - деді Ғабит Ғұбай.

Көпсалалы аурухананың қабылау бөліміне сәт сайын жедел жәрдем көлігі келіп жатты. Фельдшерлер де мейрам күні қарбаласқа толы екенін айтты.

- Мереке күндері ішімдік ішіп, уланып қалатын адамдар көбейді. Қазір бір науқасты жеткіздік. Ішімдік ішіп, құлаған. Ұрып та кеткен. Мұндай шақырту 25-желтоқсаннан кейін көбейді. Күндіз де, түнде де осындай шақырту болып жатыр, - деді фельдшер Нұрхат Юсупов.

Науқастардың бәрін алдымен медбикелер тіркейді. Олар да кезекшілікпен жұмыс істейді. Бір тәулік тік тұрып қызмет көрсететін дәрігер көмекшілері екі күн демалыс алады. Егер адам көбейіп, жағдай қиындаса, қайта жұмысқа шығады.

- Медбике қызметінде жүргеніме 40 жыл болды. Қазір қалада жер тайғақ, сондықтан адам да көп келіп жатыр. Әр мерекеде емес, кезекшілігім қалай түседі, солай жұмысқа шығамын. Менің міндетім - келген адамдарды қарап, журналға тіркеп, КТ, рентгенге апару. Жарақатын таңып беру, гипс салу. Ит қапқан адамдар да келеді. Ешкім де ауырмасын деп тілеймін, - деді медбике Сәуле Әбдірешова.

Оның сөзінше, түскі ас ішуге уақыт таппаған күні таңғы сағат 2:00-де ауқаттанатын кездері де кезігеді. Онда да кезектесіп шығып, жұмысты тоқтатпайды.