Ақтөбе азаматтарының қырағылығының арқасында полиция қызметкерлері есірткі притонының қызметін тоқтатты
12:50, 17 Маусым 2010
АҚТӨБЕ. Маусымның 17-сі. ҚазАқпарат /Самал Ендібаева/ - Маусымның 15-і күні Ақтөбеде тұрғындардың қырағылығы мен полицияның жедел әркетінің арқасында есірткі притонының қылмыстық қызметі тоқтатылды,
деп хабарлайды Ақтөбе облысы ІІД баспасөз қызметі.
Полиция қызметкері «Таныстыруға рұқсат етіңіз!» акциясының аясында өзінің әкімшілік учаскесін тексеріп жүргенде тұрғындар өз үйлерінде есірткі притонының бар екендігін айтқан.
Полицейлер көрсетілген пәтерді жедел бақылауға алып, тінту жүргізген. Тексеру барысында 2 грамнан астам героин, пайдаланған шприцтер мен 8 ампула табылып, тәркіленді.
Есірткі притонын ұйымдастырушы 33 жастағы пәтер иесі болып шыққан, ол келушілерден кіру үшін 200 теңге алып отырған. Притон тәулік бойы жұмыс істеген десе де болады, күніне есірткіге тәуелді 3-4 адам келіп отырған, дейді полиция қызметкерлері.