«Ақтөбе» биыл да израильдік командадан ұтылып қалды

АЛМАТЫ. Тамыздың 4-і. ҚазАқпарат /Ербол Тұрымбетов/ - Кеше футболдан Еуропа кубогінің іріктеу сындарында өнер көрсетіп жатқан ел чемпионы «Ақтөбе» командасы Израильдік «Хапоэль Тель-Авив» командасымен жауапты кездесуін өткізіп, 3:1 есебімен ұтылып қалды,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өз алаңында өткен алғашқы матчта «Ақтөбеліктер» қарсыластар қақпасына жауапсыз 1 гол соғып, кездесуді жеңіспен аяқтаған болатын. 11 метрлік айып добын Эньяма қақпасына тоғытқан қорғаушы-капитан Самат Смақов болған-ды. Енді қарымта ойында тең нәтиже немесе 2:1 есебімен ұтылу ақтөбеліктерге келесі айналымға өтуге мумкіндік беретін еді.

Жалпы ойын барысы Тель-Авивтік команданың басымдығымен өтті. Ойын басталысымен Сидельников қақпасына лап қойған қарсыластар 18-ші минутта есеп ашты. Голдың авторы жартылай қорғаушы Эран Зехави. Ал 31-ші минутта команда құрамындағы ең белсенді ойыншы Бен Саар есепті еселеді. Қарымта шабуыл ұйымдастырмақ болған «Ақтөбе» ойыншылары мақсаттарына жете алмады. Көп уақыт өтпей, 35-ші минутта біздің команданың қақпасына легионер-қорғаушы Баның қателігінен үшінші доп соғылды. Осы есеппен ойынның бірінші бөлігі аяқталды. Екінші таймда да бір қалыппен өрбіген ойын өрнегі еш нәтиже бермеді. Тек 88-ші минутта ғана сапынан өткір шабуылшы Мұрат Тілешев «Ақтөбенің» бұл кездесудегі жалғыз голының иесі атанды.

Естеріңізде болса, ел чемпионы былтыр да екінші айналымда израильдік «Маккаби-Хайфа» командасына жол берген болатын. Осымен қазақ елінің командалары биылғы Еуропа біріншілігіндегі ойындарын аяқтады.