«Ақтөбе» футбол клубының басшылары 250 млн теңге қаражат жымқырған

Фото: Фото: «Ақтөбе» футбол клубы

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Облыс прокуратурасы Бас прокуратураның тапсырмасы бойынша Ақтөбе футбол клубының қызметін тексерді.

Тексеріс барысында «Ақтөбе» футбол клубының басшылары ойыншылардың тамағы мен әуе тасымалына бөлінген 250 млн теңгеге қаржысын мақсатты жұмсамай, жеп қойғаны анықталды. 

Ойыншылардың тамақтануына бөлінген қаражатты клуб қызметкерлері жеке қажеттіліктеріне жұмсаған.

— Тексеру қорытындысы бойынша облыс прокуратурасы Қылмыстық кодекстің 189-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (аса ірі мөлшерде сеніп тапсырылған бөтен мүлікті жымқыру), 361-бабының 4-бөлігінің 1) тармағы (лауазымдық өкілеттіктерді теріс пайдалану) және 190-бабының 4-бөлігінің 2) тармағы (алаяқтық) бойынша 3 сотқа дейінгі тергеп-тексеруді бастады, — делінген хабарламада.

Қылмыстық істер тергеп-тексеру амалдарын жүргізу үшін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке жолданды.

Істердің тергелуі облыс прокуратурасының бақылауында.

Еске сала кетейік, Қазақстанда жемқорлық әрекеттерді жариялайтын портал іске қосылған болатын.