"Ақтөбе" футбол клубы Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы алғашқы ойынды бүгін өз алаңында өткізеді

АЛМАТЫ. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат /Ерлік Ержанұлы/ - Бүгін  Ақтөбеде Владимир Мұханов жаттықтыратын ақтөбеліктер  Израилдің  "Макаби" футбол клубымен Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы алғашқы ойынын өткізеді,

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

         Қазақстан чемпионы УЕФА-ның Чемпиондар лигасына биыл екінші айналымнан қосылған   болатын. Ақтөбелік футболшылар  алғашқы ойында Исландияның "Хафнарфьордюр" командасынан сырт алаңда 4:0,  өз алаңында 2:0 есебімен басым түсті.  Ал шілденің 17-сі күні өткен жеребе тастау нәтижесінде  олардың үшінші айналымдағы қарсыласы хайфалық "Макаби" болды. Алғашқы кезде шілденің 27-сіне белгіленген  бұл кездесу израилдіктердің өтінішімен шілденің  28-іне ауыстырылды. Бұл Қазақстанның 3 дүркін чемпионы болған "Ақтөбе" футбол клубының өз тарихындағы Чемпиондар лигасының 3-ші айналымындағы тұңғыш кездесуі.

         Элиша Леви жаттықтыратын "Макаби" футбол клубының ойыншылары Ақтөбе әуежайына шілденің 26-сы күні түнгі 11:55-те келіп қонды. Олар екінші айналымда Солтүстік Ирландияның «Гленторан» клубын 6:0,  4:0 есебімен ойсырата ұтқан болатын. Қарымта кездесу тамыздың 4-і күні Хайфада өтеді.