Ақтөбе гарнизоны «Айбын» халықаралық жастар жиынына қатысушыларды қабылдауға дайын

Фото: Қорғаныс министрлігі

АСТАНА. KAZINFORM – Маусымның 22-28 күндері еліміздің батысындағы қала Әзербайжан, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей және Өзбекстаннан келетін мыңнан астам жасөспірімді қабылдайды. 

Байқаушы ретінде Қытай Халық Республикасының делегациясы келеді.

XI халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынының салтанатты ашылуы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы Әуе қорғанысы күштері әскери институтының «Айбын» оқу орталығының базасында өтеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі

50-ден астам қазақстандық және шетелдік командаларды қабылдау үшін оқу орталығында шатырлы қалашық жабдықталған, барлық жайлылығы бар тұрғылықты жерлер, медициналық пункт және асхана дайындалған.

Оқу орталығының аумағында жаңа воркаут-кеңістіктер, жүгіру жолы бар футбол алаңы, волейбол және баскетбол алаңдары пайда болды.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Далалық лагерьде ұлдар мен қыздардың армия атмосферасына еніп, шиеленісті жарыстардан кейін демалуына барлық жағдай жасалған.

Фото: Қорғаныс министрлігі

Жиынға қатысушылар әскери-патриоттық клубтар мен оқу орындарында оқыған білімдерін көрсетеді.

Фото: Қорғаныс министрлігі
Фото: Қорғаныс министрлігі

Естеріңізге сала кетейік, «Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиынын Қорғаныс министрлігі он бірінші рет өткізіп отыр. Іс-шара бағдарламасы өте бай және әскери-қолданбалы пәндер бойынша бірқатар жарыстарды, зияткерлік, шығармашылық конкурстар мен «Smart Sarbaz» робототехника бойынша жарыстарды қамтиды. Сонымен қатар, жасөспірімдерді бірлескен жорықтар, экскурсиялар және алау жанындағы кездесулер күтеді.

Айта кетелік Каспийде Қазақстан мен Әзербайжанның әскери теңіз күштері жаттығып жатқаны туралы жазған едік.