Ақтөбе қаласы аумағында заңсыз қоқыс төгіп кететіндер көбейген

Фото: Ақтөбе облыстық экология департаменті

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбеліктер далаға құрылыс, тұрмыстық қатты қалдықпен қатар, малдың ішек-қарнын тастап кетуді әдетке айналдырған. Қазіргі кезде полиция, экологтер мен жергілікті атқарушы орган өкілдері ондай орындарды анықтап, жою жұмысын жүргізіп жатыр.

«Қазақстан Ғарыш Сапары» ҰК» АҚ-ның ғарыштық түсірілімі экологтер қолында. Бұл түсірілім 50 км қашықтықты қамтыған. Сонымен бірге тұрғындардың арыз-шағымы мен мемлекеттік экологиялық инспекторлардың рейдтік жұмысы да жүргізіледі. 

Фото: Ақтөбе облысы әкімдігі

- Ғарыштық түсірілім Ақтөбе қаласы мен Алға ауданының территориясын толық қамтылған. Сонымен қатар Мәртөк, Хромтау және Қарғалы аудандары аумағының шамамен 30-40% кіреді. Былтыр Ақтөбе облысы аумағындағы 292 жер учаскесінен қоқыс табылды. Оның 267-і тазартылды. Биылғы түсірілім әлі дайын емес. Ақтөбе облысы бойынша Экология департаменті, Ақтөбе облысының Полиция департаменті және облыс әкімдігі бірлескен рейдтік іс-шара өткізіледі, - деді Ақтөбе облыстық Экология департаментінің мемлекеттік экологиялық инспекторы Гүлжайнар Абдрахманова.

Ақтөбеде 15 сәуір мен 15 маусым аралығында қоқысты заңсыз тастау деректерін анықтау, алдын алу үшін екі айлық акция жүріп жатыр. Ол үшін барлығы 46 мобильді топ құрылды. Барлығы 100-ден астам рейд жүргізіліп, онда 1500-ден астам бұзушылық анықталды. Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойынша 500-ден астам, ал «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабы бойынша мыңнан астам дерек тіркелді.

- Табиғатты қорғау полициясы жергілікті атқарушы органмен, экологтармен, экобелсенділермен бірге жұмыс істейді. Жыл басынан бері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің «Қалалар мен елдi мекендердiң аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, сондай-ақ қалалар мен елді мекендер инфрақұрылымы объектілерін бұзу, жасыл екпелерін жою және бүлдіру» бабы бойынша 2500-ден астам, «Ортақ пайдаланылатын орындарды ластау» бабы бойынша 3800-ден астам дерек тіркелді. Биыл шамамен 13 млн теңгеден астам айыппұл салынды, - деді Ақтөбе облыстық ПД Табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы Серік Елеуов.

Оның айтуынша, далалықта анықталған қоқыс үйіндісінің иесін табу қиын. Егер куәгерлер болып, видеоматериал ұсынса, міндетті түрде әкімшілік жазаға тартылады. Сонымен бірге қоқыс ішінен қандай да бір құжат, түбіртек болса, иесін іздейді. Серік Елеуовтің айтуынша, далалықта көбіне құрылыс материалдарының қалдығы, малдың ішек-қарны мен түрлі киім-кешек, тіпті ойыншықтар да кездеседі.

- Құжаттарда ұялы телефон өмірі, түрлі сатып алу-сату, қызмет көрсету түбіртегі болса, міндетті түрде тексереміз. Тұрғындар ірі тұрмыстық қалдықты полигонға апарауы тиіс. Бірақ оны көбі ескере бермейді. Егер кінәлі адам анықталмаса, жергілікті атқарушы органға хабар береміз. Тұрғын үй шаруашылығына жауапты қызметтер тазарту жүргізеді. Қазір біз өз экологиямызды өзіміз ластап, құртып отырғанымызды түсінуіміз керек, - деді Ақтөбе облыстық ПД Табиғатты қорғау тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы.