Ақтөбе қаласында 28 үйге су кірді

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбе қаласындағы тұрғын үй алабтарында су басу қаупі күшейді. Қазіргі кезде 28 үйге су кіргені анықталды.

Фото: Алтынай Сағындықова/Kazinform

Қарғын су Ақтөбе қаласына да келді. Қазіргі кезде бірнеше тұрғын алапта үйлерге су кіріп, адамдар қауіпсіз жерге көшіріліп жатыр.

«16 наурыздан бастап көктемгі су тасқынына қарсы штаб құрылды. Бүгінде штабқа қала тұрғындарынан 3 мыңнан астам өтініш түсті. Қазір су шығару және инертті материалдарды жеткізу жұмысы жүріп жатыр. Өтініштер көбінесе жеке тұрғын үй секторларынан және тұрғын алаптардан түсті. Қазіргі уақытта 160 ассенизатор және 80-нен астам ауыр техника, 20 КамАЗ, 8 трактор, 9 жүк тиегіш секілді бірнеше техника бар. Барлығы 40 мобильдік топ жұмылдырылды. Есеп бойынша 28 үйге су кірді», - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова.

Тұрғындар бір емес, бірнеше рет көмек сұрауға мәжбүр. Себебі су сору жұмыстары жүргізілгенімен, кейін қайта жиналып жатыр.

«Екі ассенизатор ғана келіп, екі сағатқа жоқ болып кетеді. 10 үйге екі көлік жіберіп отыр. Бұл аз. Біз түнде қолымызға іліккенін алып, кетіп қалдық. Үйдегі төрт ер адам сол жақта жүр, өзім туысымның үйіндемін. Бізге жан-жағымыздан су келіп жатыр. Соны тоқтатып, су сорса дейміз», - деді Жаңа Қарғалы тұрғын алабының тұрғыны Альбина Кайранбай.

Мұндай жағдай тұрғын алаптарымен қатар бау-бақша ұжымдарында да тіркелді. Бәрінде әйелдер тума-туысын жағалап кетсе, ер адамдар үй күзетіп қалған.

«Үш күн болды судың келгеніне. Былтыр жол салғанда суағарды қалдырмай кетіп, бүгін әбігерге салып тұр. Көршіміз сол суағарды айтып, құрылысқа қарсылық білдіргенде полиция шақырып еді. Ал қазір сол дұрыс болмағанын көріп отырмыз. Бұл қардың көптігінен емес, табиғи суағардың жабылуынан болды», - деді қала тұрғыны Зейнел Ақжанов.

Айта кетейік, облыс бойынша 230 адам эвакуацияланды. Барлығы аудандарда.