Ақтөбе қаласында қоғамдық дәретхана мәселесі шешілмеді

Фото: Алтынай Сағындықова

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Қаладағы саябақтарда дәретхана жоқ, кейбірінде уақытша жұмыс істемей тұр. Жергілікті әкімдік дәретхана салу жобасы енді қарастырылғанын айтты. 

Ақтөбе қаласының халық саны 600 мыңнан асқанымен облыс орталығындағы үш саябақта ғана дәретхана бар. Тұңғыш Президент саябағы сенімгерлік басқаруға беріліп, күтімін жеке компания міндетіне алған. Ал Триатлон паркі маңындағы дәретхана қазір жабық тұр.

– Триатлон паркіндегі дәретхана екі жылдан бері бар. Оны сенімгерлік басқаруға алған компания өз қаражатына салып, ұңғыма қазды, насос орнатты. Алайда былтыр қыс айларында насос аязға шыдас бермей, жарылып кеткен. Биыл жөндеу жұмысы жүргізіледі. Сондықтан дәретхана жабылған. Қыс айларында Триатлон паркіне келушілер, бұқаралық спортпен шұғылданушылар саны азаяды. Олар сол уақытты пайдаланып, жөндейміз деп отыр, - деді Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз хатшысы Айгүл Байменова. 

Фото: Алтынай Сағындықова

Оның айтуынша, қазіргі кезде саябақ құрылыстарында дәретхана салу жұмыс қатар атқарылады. Мәселен Қоныс саябағында мүгедектерге арналған бөлігі бар модульдік дәретхана салынып жатыр. Өзге орындарда мұндай жоқ. Сонымен бірге қазір Ақтөбе облысы әкімдігі маңындағы Абай саядағында да дәретхана жарамсыз күйге түскен. 

– Абай саябағында тұрған дәретхана толықтай қайта реконструкциялауды және күтіп ұстаушы тазалықшы, күзет қоюды қажет етеді. Себебі осыған дейін оны пайдаланған кейбір тұрғындар аз уақытта ішін бүлдіріп, су келетін тетіктерін сындырып кетті. Бұның бәрі бюджет қаражатына тіреледі. Себебі бұл саябақ Орталық саябақ пен Триатлон парк секілді сенімгерлік басқаруда емес. Келесі жылы бұл мәселені шешу жоспарға енгізілді. Ал мерекеде және саябақтарда, қоғамдық орындарда іс-шаралар өтетін күндері жылжымалы биодәретханалар міндетті түрде орнатылып келеді. Одан бөлек келесі жылы модульді дәретханалар орнату жоспарланады, - деді Айгүл Байменова. 

Айта кетейік, кейінгі кездері ғана еліміздегі қалаларда қоғамдық дәретхана салу мәселесі қозғалып келеді. Мәселен Шымкентте шыныдан жасалған қоғамдық дәретханалар іске қосылды.