Былтыр ғарыштық түсірілім кезінде облыс аумағында 155 қоқыс орны анықталды. Ақтөбе облысы бойынша экология департаментінің бас маманы-мемлекеттік экологиялық инспекторы Гүлжайнар Абрахманованың айтуынша, 142 учаскеде тазалау жұмысы жүргізілді.
– Биыл ғарыштық түсірілімнің ақпараты әлі берілмеген. Дегенмен мемлекеттік экологиялық инспекторлар рейд жасап, қала аумағынан 10-нан астам жер учаскесін анықтады. Бәрінде қоқыс жатыр. Жергілікті атқарушы органдарға хат жолданды. Талап бойынша олар аумақты тазартуы тиіс. Негізі тазарту уақыты қоқыс көлеміне қарай болады. Кейде 2-3 айға созылып кетуі мүмкін, - деді мемлекеттік экологиялық инспекторы Гүлжайнар Абдрахманова.
Ақтөбе қаласы әкімінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, былтыр ғарыш түсірілімі кезінде анықталған қоқыс алаңдарын тазартуға 300 млн теңге бөлінді. Ал биылғы мәлімет әлі берілмеді.
– Биыл 48 учаске тазартылды. «Таза Қазақстан» акциясы аясында сенбіліктер ұйымдастырылады. Ол кезде мердігерлердің техникаларын жұмылдырып, тазартып жатыр. Бұл жұмыс мамыр айының соңына дейін жалғасады, - деп хабарлады баспасөз қызметі.
Айта кетейік, ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 344-бабы 2-бөлігіне сәйкес қоқысты арнайы белгіленбеген орынға шығарған жеке тұлғаларға 50 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. Кодекстегі 344-баптың 3-бөлігіне сәйкес қалдықтарды тасымалдау талаптарын бұзғаны үшін жеке тұлғаларға 40 АЕК мөлшерінде әкімшілік айыппұл қарастырылған.
– Заңды тұлғалар үшін айыппұл мөлшері кәсіпкерлік субъектісінің санатына қарай бұдан да жоғары болады. Қазіргі уақытта заңсыз қоқыс орындарын анықтау жұмыстары күшейтілді. Полиция қызметкерлерімен бірге рейдтік жұмыстар жүргізіледі. Кінәлі тұлғаларды анықтау және жауапқа тарту үшін полицияға бейнебақылау және дрондар арқылы мониторинг жасалуға ұсыныс берілді. Адамдар қоқыс шығару немесе ағынды суды төгу фактілерінің куәгері болса «102» нөміріне немесе Экология департаментінің жауапты қызметкерінің 8-701-644-89-58 байланыс нөміріне хабарласуға болады, - деді Гүлжайнар Абдрахманова.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, ақтаулық қоғам белсендісі Азамат Сәрсенбаев облыс аумағындағы қоқысқа толы аумақты бейнежазбаға түсіріп, оны әлеуметтік желіде жариялады. Бейнежазбада далада шашылып жатқан полиэтилен қапшықтар мен пластик бөтелкелерді, олардың арасында жайылып жүрген түйені көруге болады.