«Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының қайта жаңару жұмыстары 2024 жылдың соңына дейін аяқталады

Фото: Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі

АСТАНА. KAZINFORM – «ҚазАвтожол» ұлттық компаниясы республикалық маңызы бар «Ақтөбе-Қандыағаш» автожолының 11-100 шақырымдағы учаскесінде қайта жаңару жұмыстарын жүргізіп жатыр. «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі мәлім етті. 

Жыл басынан бері құрылыс нысанында 125 мың тоннадан аса асфальтобетон қоспасы қолданылып, ол 30 мың шақырымға жуық жолды салуға мүмкіндік берді.

«Қайта жаңару жұмыстарының жоспары бойынша 96 шақырым автожол жаңартылып, оның ішінде 78 шақырымы Ақтөбе қаласынан Қандыағаш қаласына дейін төрт жолақты І-Б техникалық санатына ауыстырылады. Ал тағы 18 шақырымы Қандыағаш қаласын айналып өтетін ІІ техникалық санаттағы екі жолақты болып жабдықталмақ», - деп хабарлады «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі.

Сонымен қатар, жоба аясында 18 көпір құрылысын салу, 66 құбыр тарту және осы жол учаскесінде қызмет көрсету үшін қажетті инфрақұрылымды соғу жоспарланған.

Фото: «ҚазАвтоЖол» ҰҚ» АҚ баспасөз қызметі

Аталмыш жол учаскесіндегі қайта жаңару жұмыстары Ақтөбе және Атырау облыстары арасындағы көлік логистикасын жақсартуға, жолдың техникалық параметрлерін оңтайландыруға, жол жүру уақытын қысқартуға және оның өткізу қабілетін арттыруға әкеледі.

Жобаны 2024 жылдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр. 

Сондай-ақ «Ақтөбе-Хромтау-Қарабұтақ» автожолының 773-912 шақырымындағы учаскесінде жол қабатын тегістеу бойынша ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

2025 жылы осы учаскеде І техникалық санатқа көшіру бойынша қайта жаңару жұмыстарын бастау жоспарланып отыр.