Ақтөбе-Қандыағаш тас жолының екі жолағы ашылды

АҚТӨБЕ. ҚазАқпарат - Ақтөбе облысында жол құрылысы саласындағы маңызды жобалардың бірі іске қосылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат жергілікті әкімдікке сілтеме жасап.

Негізінен, 2021 жылы құрылысы басталған республикалық маңызға ие Ақтөбе-Қандыағаш тас жолын қайта салу жобасын іске асыруды облыс билігі ерекше бақылауға алған болатын. Жобаның өңір үшін маңыздылығы ескеріліп, қысқа мерзімде жолды пайдалануға беру жүктелді.

Кеше төрт жолақты тас жолдың бір жақ бөлігі көлік қозғалысына ашылды.

Жол учаскесінің 11-52-шақырымында «СП «Сине Мидас Строй» ЖШС, 52-100-шақырымында «Ассана ДорСтрой» ЖШС құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Жолды пайдаланатындардың қауіпсіздігі үшін мердігерлер мал айдайтын 16 өткел, 18 көпір салады, оның екеуі аяқталған, сондай-ақ, 60 су өткізгіш құбыр орнатады.

Жалпы, жобаға 293 бірлік техника, 425 адам жұмылдырылды.

Тас жол толықтай 2023 жылдың қараша айында халық игіліне беріледі.