Жобаны министрлік пен Әлеуметтік қорғау саласын дамытудың ұлттық ғылыми орталығы үш өңірдің әкімдіктерімен бірлесіп жүзеге асырып жатыр.
Пилоттық жобаның іске асырылуы Қазақстан Республикасының 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивтік саясат тұжырымдамасында көзделген және оңалтудың техникалық құралдарын олардың толық қолдану циклі бойына сүйемелдеудің жаңа сервистік моделін енгізуге бағытталған. Жобаның басты мақсаты — оңалтудың техникалық құралдарын үздіксіз пайдалануды қамтамасыз ету, мүгедектігі бар азаматтарға көрсетілетін сервистік қызметтің сапасын арттыру және мемлекеттік ресурстарды тиімді пайдалануды қамтамасыз ету.
— Пилоттық жоба оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етудің қолданыстағы тәртібін өзгертпейді. Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген мүгедектігі бар азаматтардың барлық құқықтары толық сақталады. Техникалық оңалту құралының пайдалану мерзімі аяқталғаннан кейін азаматтар бұрынғыдай Әлеуметтік қызметтер порталы арқылы заңнамада белгіленген тәртіппен жаңа құралды өз бетінше таңдай алады, — деп хабарлады министрліктен.
Жаңа сервистік модель бойынша оңалтудың техникалық құралы бұзылған жағдайда азамат жөндеу кезеңінде қажетті құралсыз қалмайды. Ұлттық ғылыми орталықтың филиалына жүгінгеннен кейін мамандар әлеуметтік-техникалық сараптама жүргізіп, жөндеу жұмыстарын ұйымдастырады, қажет болған жағдайда айырбастау қорынан дәл сондай жұмыс істейтін құралды уақытша береді. Егер бұйымды қалпына келтіру мүмкін болмаса, азамат заңнамада белгіленген тәртіппен жаңа құрал алғанға дейін уақытша оңалтудың техникалық құралын пайдалана береді.
— Пилоттық жобада балаларды қамтамасыз етуге ерекше көңіл бөлінген. Егер берілген құрал баланың бойына немесе жеке физиологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келмей қалса, оны мерзімінен бұрын ауыстыруға болады. Бұл оңалту процесінің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, — делінген хабарламада.
Оңалтудың техникалық құралдарының өмірлік циклінің барлық кезеңдері — беру, қайтару, жөндеу, санитарлық өңдеу және қайта беру — цифрлық форматта сүйемелденеді. Бұл процестердің ашықтығын, уақтылы сервистік қызмет көрсетуді және көрсетілетін қызметтердің сапасын бақылауды қамтамасыз етеді.
Пилоттық жоба кезең-кезеңімен іске асырылады. Бірінші кезеңде жаңа сервистік модель арбалар мен жүруге арналған құралдардың барлық түрлерін қамтиды. Кейіннен бұл тетік пилоттық жобаға енгізілген оңалтудың техникалық құралдарының басқа түрлеріне де таратылады.
Азаматтардың пилоттық жобаға қатысуы ерікті түрде жүзеге асырылады. Жобаның қорытындысы бойынша жаңа сервистік модельдің тиімділігіне кешенді бағалау жүргізіліп, мүгедектігі бар азаматтарды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз ету жүйесін одан әрі жетілдіру жөнінде ұсыныстар әзірленеді.
Айта кетейік, мүгедектігі бар азаматтардың құқығын қорғау бағытында 485 тексеру жүргізілді.