Ақтөбе кәсіби білім бойынша халықаралық диалог алаңына айналды
АҚТӨБЕ. KAZINFORM - Ақтөбеде Мемлекет басшысының бастамасымен жарияланған Жұмысшы мамандықтар жылы аясында «Білім. Дағды. Болашақ» халықаралық форумы ұйымдастырылды.
Ол техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін дамытудың өзекті мәселелерін талқылауға, халықаралық тәжірибені зерделеуге және еңбек нарығының сұранысына сай бәсекеге қабілетті жұмысшы кадрларды даярлаудың тиімді тетіктерін әзірлеуге арналған маңызды диалог алаңына айналды.
Форумға Қытай, Франция, Жапония, Германия, Беларусь және Өзбекстаннан келген халықаралық сарапшылар, өңірдегі колледж өкілдері, қоғамдық ұйымдар және орта арнаулы оқу орындарының әлеуметтік серіктестері қатысты.
Күннің алғашқы жартысында қатысушылар Өнер орталығының фойесінде өңір колледждерінің жетістіктер көрмесін аралап шықты. Білім беру ұйымдары жаңа жабдықтар мен заманауи оқу-өндірістік шеберханаларын таныстырды.
Ал форумды Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Жолдас Батырхан және ҚР Оқу-ағарту вице-министрі Шынар Ақпарова ашып, құттықтау сөз сөйледі. Жұмысшы мамандықтар жылы аясында жастарды еңбекке тартуға, кәсіби бағдар беруге және техникалық білімге қызығушылығын арттыруға бағытталған бірқатар іс-шара өткізілген.
Форум барысында шетелдік сарапшылар кәсіби-техникалық білім беруде заманауи технологияларды енгізу, оқытушылардың біліктілігін арттыру және студенттерді еңбек нарығына интеграциялау тәжірибелерімен бөлісті. Оқытуда жасанды интеллектіні қолдану, колледждерді халықаралық аккредиттеу, еңбек нарығында сұранысқа ие кәсіби дағдыларды дамыту және экономиканың қажеттіліктеріне сай кадр даярлау бағыттарына баса назар аударылды.
Жиын қорытындысы ретінде Ақтөбе өңіріндегі колледждер мен шетелдік білім беру ұйымдары арасында ынтымақтастық туралы меморандумдарға қол қойылды. Маңызды құжат тәжірибе алмасу, халықаралық стандарттарды енгізу және бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашары сөзсіз.
Күннің екінші жартысы Жұмысшы мамандықтар жылын қорытындылау және марапаттау шарасына ұласты.
Салтанатты жиында өңір басшысы Асхат Шахаров бір жыл ішінде атқарылған жұмыстарға, еңбек адамының мәртебесін арттыру және жұмысшы мамандықтардың қоғамдағы маңызын кеңінен насихаттау мәселелеріне тоқталды.
- Ақтөбе облысында Жұмысшы мамандықтар жылы аясында колледждерді дамыту және сұранысқа ие мамандар даярлау бағытында ауқымды жұмыстар атқарылды. Бүгінде өңірдегі 40 колледжде 28 мыңнан астам студент білім алып, техникалық және технологиялық бағыттарды қоса алғанда, заманауи мамандықтарды меңгеріп жатыр. Біз колледждердің материалдық-техникалық базасын жаңартып, дуалды оқытуды енгізіп, педагогтердің біліктілігін арттырумен қатар, озық халықаралық тәжірибені қолданып жатырмыз. Жұмысшы мамандықтар жылы кәсіби білім беруді дамытудағы маңызды қадам болды. Әрбір студент, педагог және маманның еңбегі өңіріміз бен еліміздің болашағы үшін зор құндылыққа ие», – деп атап өтті Асхат Шахаров.
Биыл аймақта жұмысшы мамандықтар бойынша мемлекеттік тапсырыс 7 407 орынға орналастырылды, бұл алдыңғы көрсеткіштен екі есе көп. Төрт орта арнаулы оқу орнында – Сервис, сондай-ақ, Жоғары ауылшаруашылық, Хромтау тау-кен техникалық және Жоғары политехникалық колледждерде «Флорист-гүл өсіруші», «Қонақүй бизнесі», «Тамақтандыру саласында қызмет көрсетуді ұйымдастыру» және «Маркшейдерлік іс» сияқты жаңа мамандықтар ашылды.
Жоғары политехникалық колледж жанынан құны 1 млрд теңгені құрайтын IT-хаб салынып жатыр. Кәсіби бағдар беру жұмыстарымен 48 мыңнан астам оқушы қамтылып, 60 мектепте бейінді сыныптар ашылды. Бұл балалардың болашақ мамандығын ертерек таңдауына септігін тигізеді.
Сонымен қатар, екі колледжде 500 млн теңгеден астам қаржыға күрделі жөндеу жүргізілді. Ал Хромтау жоғары тау-кен техникалық, Жоғары политехникалық және Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледждері халықаралық аккредитациядан өтті.
Ресми бөлімнен кейін марапаттау рәсімі өтті. Бірқатар ақтөбелік аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына және кәсіптік-техникалық білім беруге қосқан үлесі үшін облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. «Зәру» пантомен емдеу шипажайының ветеринар көмекшісі Мереке Аманқосов, «Ақтөбе асыл тұқымды кәсіпорны» ЖШС ветеринары Дулат Мырзағали, «Степное» ЖШС қызметкері Қуаныш Нұралы, «Вагонсервис» АҚ цех инспекторы Иклас Карин және басқа да еңбек адамдары ие болды.
«Ыбырай Алтынсарин атындағы» төсбелгі білім беру саласының дамуына зор үлес қосқан педагогтерге берілді. Олардың қатарында Жоғары Еуропалық экономика, бизнес және құқық колледжінің құрылтайшысы Талғат Төремұратов, Ақтөбе облыстық әдістемелік орталығының директоры Дина Жаманбаева және Ақтөбе өнеркәсіптік технологиялар колледжінің директоры Таңжарық Қыдырбаев бар.
Сондай-ақ білім беру саласының бірқатар Оқу-ағарту министрлігінің Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттарына ие болды.
Халықаралық форум мен Жұмысшы мамандықтар жылының қорытындылануы халықаралық ынтымақтастықты нығайтуға, тәжірибе алмасуға және өңірде білікті кадрлар даярлаудың тұрақты жүйесін қалыптастыруға бағытталған маңызды кешенді алаңға айналды.