Ақтөбе маңы тұрғындарына жер учаскелері беріледі
Бұл туралы «Ақтөбе» газетінен хабарланды.
Новый ауылдық округінің аумағында орналасқан Құрашасай ауылының тұрғындарымен кездесуге қала әкімімен бірге қалалық мәслихат хатшысы Сұлупан Шынтасова, саяси кеңес және «Нұр Отан» партиясының Ақтөбе қалалық филиалының қоғамдық қабылдауының қызметкерлері де келді.
Әуелі сөз бастаған Ақтөбе қаласының әкімі кездесудің мақсаты мен міндеттеріне тоқталды. Сондай-ақ, «100 нақты қадам» Ұлт жоспарының, 5 институционалдық реформаның жүзеге асырылу барысы туралы ақпарат беру және жер мәселесіне қатысты түсіндіру жұмыстарын жүргізуді мақсат еткен кездесу билік өкілдері мен партиялықтардың тұрғындармен ашық диалог жүргізуді көздейтінін айтты.
Тұрғындарды алаңдататын мәселелердің ешқайсысы назардан тыс қалмауы тиіс. Кездесуге келген ауыл тұрғындары өз сұрақтарына жауап алу үшін берілген мүмкіндікті мүлт жібермеді. Кездесу барысында жалпы ауылға қатысты мәселелермен қатар, жеке тұрғыдағы сұрақтар да қойылды. Қала әкімі тұрғын үй алу кезегінде тұрған ардагерге үй кезек тәртібімен берілетіндігін түсіндірді.
Жеке тұрғын үй құрылысы үшін берілетін жер учаскелері биыл 2005 жылы кезекке тұрған азаматтарға Шиелісай-2, Красносельское-2, Ақшат-2 тұрғын массивтерінен берілетіні айтылды. Қалған кезекке тұрушылар тұрғын массивтерінің дайын болуына, яғни нақты жоспарлау жобаларын әзірлеу және инженерлік желілердің құрылысына байланысты берілетін болады. Новый ауылдық округінің әкімі тұрғындардың жайылымдар тапшылығы бойынша сұрақтарына жауап берді.
Кездесу барысында «Қанағат» жаңа тұрғын массивінің тұрғындарына биыл су құбырын, электр және газ желілерінің құрылысын жүргізу үшін жобалау-сметалық құжаттама әзірлеу жұмыстары жүргізілетіндігін айтып, уәде берді.
Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі басшысының мәлімдеуінше, осы жылдың тамыз айында жарықтандыру тіректері мен шамдар орналасқан көшелерде жарық жүргізу жоспарланып отыр.
Сондай-ақ, жол жөндеу мәселесі де көтерілді. Әзірленген жобалау-сметалық құжаттама мемлекеттік сараптамаға жіберіледі, ал жөндеу жұмыстары қаржыландыру мерзіміне байланысты жүргізілетін болады.
Қоғамдық көлік жұмысы тұрғысындағы сұрақтарға «Автопарк» ЖШС өкілі жауап беріп, ауыл тұрғындарының барлық шағымдары бақылауға алынатындығын мәлімдеді.
Кездесуге қатысушыларға бұрынғы мектеп ғимаратын пайдалану мәселесі түсіндірілді. Мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілгеннен кейін мектептің ескі ғимаратында балабақша орналастыру жоспарланды. Бірақ 1943 жылы тұрғызылған ғимарат пайдалану мерзімінің өтуіне байланысты балалар мекемесі ретінде пайдаланыла алмайды. Бүгінде ол - коммуналдық меншікте, дегенмен жақын арада оны сату үшін ашық конкурс жүргізілетін болады.
Іс-шараны қорытындылай келе, Бекбол Сағын мұндай кездесулердің жоғары нәтиже беретіндігін, елді мекендерді одан әрі дамыту бойынша қалалық бағдарламаларды әзірлеу үшін тұрғындардың пікірін ескеру маңыздылығын атап көрсетті. Сонымен қатар, қала басшысы Құрашасай ауылының тұрғындары көтерілген мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар берді.
А.БАЛЖАНАЙ.