Ақтөбе мектептерінде оқушылардың жас ерекшелігіне байланысты тамақтану тәртібі әлі енгізілмеді

Фото: Ақтөбе облысының әкімдігі

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Қазіргі кезде тамақтану мәзірі мен құнын бекіту жұмысы әлі аяқталмаған. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлер «Алақан» жүйесінің де кейде нақты деректі тіркемейтінін айтып шағымданды.

Ақтөбеде жеке кәсіпкерлер Өңірлік кәсіпкерлер палатасына жиналды. Мұнда олар оқушының ас мәзірі, оның құнын бекітуді сұрады. Бөлшек сауда және қоғамдық тамақтану қауымдастығының вице-президенті Марина Лаптеваның айтуынша, «Алақан» жүйесінің де жиі істен шығып, кейбір оқушы тіркелмей қалып жатыр. Ал Қазақстанда биыл 1 қыркүйектен бастап жаңа тамақтану стандары енгізілді. Талап бойынша оқушылар жас ерекшелігіне қарай тамақтануы тиіс.

— Өңірде жас ерекшеліктеріне қарай тамақтану тәртібі әлі енгізілмеді. Сонымен бірге оның құны да бекітілмеді. Мәселен 1–4 сыныптар үшін — 678,5 тг, 5–9 сыныптар үшін — 760,99 тг, 10–11 сыныптар үшін — 800 тг болуы тиіс. Оларда бекітетін бұйрық жоқ, сондықтан мектептер әлі күнге дейін бірыңғай бағаны қолданып келеді. Яғни Үкіметтің Қаулысының талаптары бұзылды, — деді Марина Лаптева.

Ал «Алақан» жүйесіндегі техникалық ақау, интернеттің істен шығуы жеке кәсіпкерлердің шығынын көбейтеді. Мұндайда кәсіпкерлер оқушылардың есебін де жүргізеді. Кәсіпкерлер болса мектеп әкімшілігі тізімді алдын ала беруі тиіс деген уәж айтты.

Фото: Өңірлік кәсіпкерлер палатасы

Өңірлік кәсіпкерлер палатасы Ақтөбе облысының білім, денсаулық сақтау, экономика және бюджетті жоспарлау басқармаларына, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық департаментіне жаңа тамақтану стандартын енгізуді ыждағаттауды ұсынды.

Ақтөбе облыстық денсаулық сақтау басқармасы жаңа стандартқа сай мәзірді биыл қазан айында бекітіп, облыстық санитариялық-эпидемиологиялық басқылау департаментіне, облыстық білім басқармасына жіберген. Ақтөбе облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті білім беру ұйымдарындағы ас мәзірі және ас мәзірінің құнын бекіту өздерінің құзырына кірмейтінін жеткізді. Ал білім басқармасы жаңа талап тек екі мектепке енгізілгенін хабарлады.

— Білім беру ұйымдарындағы бірреттік перспективалық ас мәзірін бекіту құзыреті облыстық денсаулық сақтау басқармасына берілді. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап ас мәзірі бөлінген бюджет қаражатын ескере отырып бекітілді. Сонымен бірге 2026 жылға арналған жаңа стандарттар негізіндегі ас мәзіріне тиісті қаражат бөлінді, — деп хабарлады Ақтөбе облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Денсаулық сақтау министрі 2025 жылғы 4 наурыздағы бұйрығымен денсаулық сақтау және білім беру ұйымдарында тамақтану стандарттарының жаңа ережесін бекітті.