Ақтөбе мен Атырауда ауа сапасының нашарлауы болжанып отыр
АСТАНА. KAZINFORM — Синоптиктердің болжамынша, 22 желтоқсанда Ақтөбе қаласында, ал түнгі уақытта Атырауда қолайсыз метеорологиялық жағдайлар күтіледі, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК.
Метеорологтардың мәліметінше, қолайсыз метеорологиялық жағдайлар – әлсіз жел, тұман, ауа температурасының инверсиясы сияқты қысқа мерзімді факторлардың жиынтығы. Мұндай жағдайда атмосфераның төменгі қабатында зиянды (ластаушы) заттардың жиналуына қолайлы орта қалыптасады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде елді мекендерде атмосфералық ауаның сапасы нашарлауы мүмкін. Бұл өз кезегінде халық денсаулығына кері әсер етеді.
Ауадағы ластану деңгейінің қалыптасуына әсер ететін негізгі факторлардың бірі – синоптикалық жағдайдың болжамы. Оған желдің бағыты мен жылдамдығы, жауын-шашын, ауа ылғалдылығы және температура көрсеткіштері жатады.
Қолайсыз метеорологиялық жағдайлар кезінде тұрғындарға мынадай сақтық шаралары ұсынылады:
– автожолдар мен ластаушы көздерге жақын жерлерде болмауға тырысып, ашық ауада жүру уақытын қысқарту. Балалар мен жүкті әйелдерге ұзақ серуендеуден бас тарту керек;
– өкпе, жүрек-қан тамырлары, аллергиялық созылмалы аурулары бар адамдар сыртқа шыққанда өзіне қажетті дәрі-дәрмектерді алып жүруі тиіс;
– ашық ауада физикалық жүктемені шектеу, дене шынықтыру және спортпен жабық спорт кешендерінде айналысу қажет.
Бұған дейін Қазақстанның барлық өңірінде дауылды ескерту жарияланғаны хабарланған болатын.